• 15 октября, 2024 6:16 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНА ҚАРСЫ 24 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕКПЕ ЕГУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Автор:admin

Июл 11, 2024

 

Жатыр мойны обырының дамуы — әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруымен тікелей байланысты. Бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95% — дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папиллома вирусы (АПВ) тудырады. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы вирус жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Бүгінде елімізде осы вирустың алдын алу мақсатында вакцинациялау жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 11-14 жас аралығындағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен екпе жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау бойынша тренер – координаторы Замира Өтегенова брифингте мәлімдеді.

«Екпе мақсаты — адам папилломасы вирусымен байланысты өзге де қатерлі ісіктердің жиілігін төмендету. Екпенің денсаулыққа ешқандай кері әсері жоқ, қауіпсіз. Республикамызда 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолдану көзделіп отыр. Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізіледі. Облыс бойынша 24 мыңға жуық қыз балаға егу жоспарланған»- деді спикер.

«АПВ вирусы адамнан адамға тұрмыстық жанасу, жыныс жолдармен, тікелей жолмен туу кезінде беріледі. Вирусқа қарсы екпе дельта тәрізді иық бұлшықет ішіне енгізіледі. Вакцинацияға қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі» — деп мәлімдеді Бахтыораз Мизамұлы.

 

Автор: admin