• Пт. Дек 3rd, 2021

ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР АЗАМАТТАР ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ДЕҢГЕЙІ БАҚЫЛАНДЫ   

Автор:admin

Мар 5, 2021

 

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған  «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында өңірдің бір топ  ерікті жастары  ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еркін-кіріп  шығуы үшін 150-ге жуық нысанның қолжетімділігіне қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізді.           

Зерделеу жұмыстарының негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған ортаның  қолжетімділік деңгейін анықтау және жүргізілген мониторингтің негізінде қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар қабылдау. 

Ең алдымен, облыстың  белсенді жастарына «Қолжетімді Қазақстан»  жобасының қоғам алдындағы маңыздылығы кең көлемде түсіндіріліп, мониторинг жүргізу кезінде ескеретін жайттар мен  қоғамдық объектінің қолжетімділігін бағалау бойынша ақпараттық кеңестер берілді.  

Мониторинг жүргізуге құлшына кіріскен еріктілер қала аумағында орналасқан   қоғамдық орындарды толық аралап,  мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін пандустардың қолайлығын, қолжетімділігін талапқа сәйкестігін және автотұрақтардың орналасу аймағын бақылады.   

Нәтижесінде, бірқатар нысандарда  бейімдеу жұмыстарының тек пандустармен шектелгендігі, соның ішінде пандустардың талапқа сәйкес келмейтіндігі және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған автотұрақтардың болмауы мен жеткіліксіздігі анықталып, ол бойынша ескерту шаралары берілді.

 Атап өтетін жайт, бүгінгі мониторинг нәтижелері  «Қолжетімді Қазақстан»  жобасының «Doskaz.kz» картасына толықтай енгізіліп, сол арқылы киелі мекенге келуге ниет білдірген қозғалысы шектеулі туристердің алдын ала хабардар болуына мүмкіншілік қарастырылуда. 

Сондай-ақ, Түркістан қаласында  қолайлы жағдайды қажет ететін  тұрғындардың тең қол жеткізу құқығын қорғауды және қолжетімді ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін «Қолжетімді Түркістан» бірегей жоспарының жобасы Департамент бастамасымен қолға алынып, бүгінде облыстық бірлескен шаралар сол жоспардың аясында  жүзеге асырылу жоспарланып отыр.