«AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалінде Түркістан облысының мақта шаруашылығындағы рекордтық көрсеткіштері мен мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытындағы жобалары таныстырылды. Биыл өңірде 556 мың тонна шитті мақта жиналып, сала тарихындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Өнімділік гектарына 32 центнерді құрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, шикізатқа тәуелділікті азайту және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруды дамыту міндеттерін қойып келеді. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруға, өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға және жаңа инвестиция тартуға басымдық беруде.
Бүгінде жалпы құны 146 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспалары мен пластик құбырлар шығаратын кәсіпорындар және жіп иіру фабрикасы іске қосылған. Нәтижесінде 1 200 адам жұмыспен қамтылды.
Мақта алқабы биыл 29 мың гектарға ұлғайып, 173,6 мың гектарға жетті. Оның ішінде 52 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген.
Кластерді одан әрі кеңейту мақсатында жылына 45 млн шаршы метр тоқыма емес материалдар өндіретін және мата бояйтын зауыттар салу жоспарланған. Сонымен қатар жылына 7 млн жиынтыққа дейін үй тоқыма өнімдерін шығаратын кәсіпорын мен тігін фабрикасы бой көтереді. Бұл өндірістерде шамамен 1 900 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жыл соңына дейін жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өңдейтін зауытты іске қосу көзделген.
