• 17 января, 2026 7:50 пп

ТҮРКІСТАНДА ИСЛАМ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Янв 17, 2026

▪️Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институтының ашылу салтанаты өтті. Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай-қажы Өтпенов пен ел ағалары қатысып,  көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтады.

▪️Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

📌– Президентіміз «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» – деген болатын. Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Бұл игі іске қолдау көрсеткен «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеуші азаматтарға және Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлына ерекше алғысымды білдіремін! Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы – заңдылық. Бұл оқу ордасы Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және  имамдарға терең білім берумен айналысады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров діни басқарманың Түркістан облысындағы өкілдігіне жаңа автокөлік тапсырды.

▪️Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен кездесіп, тағылымды дәріс оқыды.

▪️Айта кетейік, бүгінде облыста 745 мешіт және 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Ислам институтының оқу ғимаратының жалпы алаңы  1250 шаршы метрді құрайды.  Мұнда 90 орындық оқу ғимараты  мен 40 орындық кітапхана бар. Сонымен қатар жалпы аумағы 1250 шаршы метр болатын жатақхана ғимараты салынып, 45 орындық асхана қарастырылған.

▪️Іс-шараға қатысушылар игі іске бастамашы болған облыс әкімдігіне, демеуші азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Автор: admin