Түркістан қаласында Құрылтай сайлауы кезінде №114 сайлау учаскесіне Алтын адам бейнесіндегі азамат келіп, өз таңдауын жасады. Ежелгі дәуірден жеткен тарихи мұраның символдық бейнесін сомдаған азаматтың ерекше киімі сайлау учаскесіне келген тұрғындардың назарын аударды. Алтын түсті сауыт пен ұлттық нақыштағы элементтер үйлескен образ қазақ даласының бай тарихы мен мәдени мұрасын еске салды.
Алтын адам бейнесі тәуелсіз Қазақстанның маңызды тарихи символдарының бірі саналады. Сондықтан бұл образдың Құрылтай сайлауымен қатар көрініс табуы ел тарихы мен бүгінгі қоғамдық өмірдің сабақтастығын айшықтаған ерекше сәтке айналды. Сайлау күні Түркістанда азаматтар өз таңдауын әртүрлі форматта білдіріп, қоғамдық маңызды шараға белсенді қатысуда. Ерекше образдағы тұрғынның дауыс беруі де осы күннің есте қаларлық көріністерінің бірі болды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 66-сы ашық, 2-еуі жабық нысанда. Қала бойынша 136 602 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.
