• 03.07.2026 23:25

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚҰС ЕТІН ӨНДІРЕТІН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Автор:jsk.kz

Июл 3, 2026

Бүгін Түлкібас ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Сапардың мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстыру және өңірдің өндірістік әлеуетін көрсету. Тур аясында БАҚ өкілдері аудан экономикасына оң әсер етіп, өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты.

Алдымен журналистер Жабағылы ауылында бой көтеріп жатқан «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Онда заманауи агроөнеркәсіптік кешен мен жоғары технологиялық құс етін өңдеу фабрикасы бой көтеруде. Жалпы құны 53,7 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған соң 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорын жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Қазір 10 құс фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, қасапхана, әкімшілік ғимарат және қалдықтарды өңдеу цехының құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Пресс-тур бағдарламасы аясында БАҚ өкілдері елімізде ең алғашқы құрылған «Ақсу Жабағылы» қорығымен танысуға мүмкіндік алды. Биыл құрылғанына 100 жыл толған қорықта өсімдіктердің 1 737 түрі, жануарлардың 2 489 түрі кездеседі. Олардың арасында 41 өсімдік пен 45 жануар түрі еліміздің Қызыл кітабына енген. БАҚ өкілдері қорықтың табиғи және тарихи мұрасын таныстыратын заманауи Визит-орталығының жұмысымен де танысты. Визит-орталықтың негізі 1963 жылы құрылған. 2004 жылы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында мұражай толық жаңғыртылып, халықаралық талаптарға сай жабдықталған заманауи Визит-орталық ретінде қайта пайдалануға берілген. Бүгінде орталық 5 тақырыптық экспозициялық залдан тұрады. Онда қорықтың 100 жылдық тарихымен, табиғи ерекшеліктерімен, ғылыми-зерттеу қызметімен танысуға болады.

Сапар Иірсу тау шатқалындағы туризмді дамыту мақсатында бой көтеретін көру алаңынында жалғасты. Бүгінде аталған нысанның жобасы бекітіліп, 1,3 гектар аумақ белгіленген. Жобаның жалпы құны 542,4 млн теңгені құрайды. Құрылыс аумағының жалпы көлемі 371 шаршы метр. Нысан аудан орталығынан 32 шақырым, ал Иірсу ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Жоба өңірдің туристік және рекреациялық әлеуетін арттыруға бағытталған.

БАҚ өкілдері бағыт алған соңғы нысан Күмісбастау ауылындағы «Beibars Bottlers» ЖШС-ң су және алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты болды. 2025 жылы «RC Cola» атауымен өндіріле бастаған сусындар бүгінде өз тұтынушысын тауып үлгерген. Кәсіпорын «Halal» стандарты бойынша сертификатталған. Әлемдік нарықта «RC Cola» бренді 18 түрлі алкогольсіз сусынды 7 түрлі қаптамада тұтынушыларға ұсынса, түлкібастық «Beibars Bottlers» ЖШС қазіргі таңда 3 түрлі сусынды 4 түрлі қаптамада өндіруде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: jsk.kz