• 19 декабря, 2025 11:51 дп

«ТЕАТР – ӨМІР АЙНАСЫ»: ОРДАБАСЫ ӨНЕРПАЗДАРЫ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Өнер, мәдениет саласындағы қызметтің өркендеуін айқын көрсеткен үлкен жетістік – Ордабасы ауданының “Темірлан” халық театры мен “Жас толқын” балалар мен жасөспірімдер театрының облыстық байқауда топ жаруы болды. Түркістан облыстық Мәдениет басқармасы, Түркістан Халық Шығармашылығы орталығы және Отырар ауданы әкімдігі ұйымдастырған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, сатирик Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған облыстық “Театр – өмір айнасы” халықтық және үлгілі театрлар байқауында Ордабасы ауданының қос театры жоғары нәтиже көрсетті.

Аудан намысын қорғаған Ордабасы аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған “Темірлан” халық театры мен Перизат Баймаханова жетекшілік ететін “Жас толқын” балалар мен жасөспірімдер үлгілі театры өз қойылымдарын жоғары деңгейде ұсынып, көрермен көңілінен шықты. Қазылар алқасы актерлік шеберлікті, сахналық ойын мәнерін, шығармашылық ізденісті бағалай отырып, екі ұжымның да кәсіби деңгейін жоғары дәрежеде атап өтті.

Байқау нәтижесінде “Жас толқын” театры “ЖАС ЖҮЛДЫЗДАР” номинациясын, ал “Темірлан” халық театры жүлделі І орынды иеленді. Бұл — ұжымдардың көпжылдық еңбегі мен талпынысының жемісі.

Театр өнерінің дамуына үлес қосып жүрген қос ұжымның бұл жетістігі – Ордабасы мәдениетінің деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. Жасөспірімдер театры үшін бұл марапат жаңа мүмкіндіктер ашса, “Темірлан” театры үшін кәсіби шыңдалудың тағы бір белесі болды.

Ордабасы ауданында соңғы жылдары театр өнері жанданып, шығармашылық орта қалыптасып келеді. Аудандық Мәдениет үйінің жанында жұмыс істейтін театр ұжымдарының белсенділігі артып, облыстық, республикалық деңгейдегі шараларға қатысуы жиіледі. Бұл – мәдениетті қолдаудың нәтижесі.

Марапат құтты болсын, қадірлі әріптестер! Тек алға, жаңа шығармашылық биіктерге!

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin