• Пт. Дек 3rd, 2021

«САНАЛЫ ҰРПАҚ» ЕРІКТІ СТУДЕНТТІК КЛУБТАРДЫҢ ОБЛЫСТЫҚ СЛЕТІ ӨТТІ

Автор:admin

Окт 27, 2021

 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде «Саналы ұрпақ» ерікті студенттік клубтардың слеті өтті.

«Саналы ұрпақ – сыбайластыққа жол бермейді» ұранымен өрбіген шарада Түркістан облысына қарасты жалпы саны 38 кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының студенттері бақ сынап, ерікті студенттік клубтардың жетекшілері мен белсенділері таныстыру, үй тапсырмасы және «Білімді мыңды жығады» сұрақ-жауап кезеңдері бойынша сынға түсті.

Өскелең жас буынды парасатты тұлға болуға дәріптейтін айтулы шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрағасы Ұлжан Мұстафаева, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Алима Хайдарова, облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Оспан Жүсіпов, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Абуова қатысты.

«Бүгін қоғам індетіне айналған жемқорлыққа көз жұма қарамайтын парасатты өңір жастарымен кездесіп отырмыз. Мемлекет саясатында білім беру саласының алар орны айрықша екендігі баршамызға белгілі. Осы орай да, Сіздер адал біліммен азықтанып қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенді шаралар атқарып келесіздер. Еліміздің жарқын болашағы өздеріңіз секілді білімді және зиялы жастардың қолында. Сондықтан да, адалдық идеялогиясын бойларына бала күннен дарытып, келешектің кемел ойлы азаматтары болуға талпынған Сіздердің игі бастамаларыңызға әрдайым тілектестік білдіреміз», — деп атап өтті Нұрдәулет Ілиясұлы.

Айта кетсек, байқау жеңімпаздары «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні» мерекесіне орай Департамент тарапынан ұйымдастырылатын форумда арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.