• 1 декабря, 2025 1:43 пп

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ САЛЫНАДЫ

Автор:admin

Дек 1, 2025

 

Сайрам ауданының географиялық орны, халық санының көптігі және жұмыс күшімен қамтылуы — өңірде индустриалды аймақ ашудың қажеттілігін көрсетеді.

Осы мақсатта Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев жеке инвестор Тасқынбай Бұрлыбаевпен кездесіп, Қайнарбұлақ ауылдық округі аумағында «ТАТА» индустриалды аймақ салу жобасын талқылады.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бойында орналасатын бұл индустриалды аймақтың жалпы көлемі 21 гектарды құрайды. Ал жоба құны 5 млрд теңге.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында бұл жоба Сайрам ауданы үшін стратегиялық бастама болып отыр.

Өйткені аудан аумағында дайын индустриалды аймақтың болуы шетелдік және отандық инвесторларды тартуды айтарлықтай жеңілдетеді. Инженерлік инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген, өндіріс алаңдары дайын аумаққа келуге ниетті кәсіпкерлер үшін бұл — үлкен мүмкіндік.

Индустриалды аймақтың ішінде жұмысшыларға арналған жатақхана, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, мешіт және басқа да қажеттіліктер қарастырылған.

Заманауи талаптарға сай салынатын бұл аумақта жиһаз шығаратын өндіріс орны, техника құрастыратын зауыт орналастыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып, аудан экономикасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Сайрам ауданы үшін индустриалды аймақ — тек құрылыс жобасы емес, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тартымды орталық қалыптастыратын маңызды қадам. Ауданның қолайлы логистикасы мен адами капиталы мұндай бастаманы жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.

Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Автор: admin