Сайрам ауданында биыл жыл соңына дейін 43,9 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 1 232 адам жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда, өңірде бой көтеріп жатқан «Kuzov Karabulak» ЖШС-ң құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталған. Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын автобөлшектер өндіретін кәсіпорында 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жайында Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Ауданның өндірістік әлеуетін дамыту мақсатында 2025 жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде 570 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, өткен жылы «KAZ ECO MEAT» ЖШС-ң заманауи ірі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Онда жылына 5 мың бас ірі қара мал бордақыланып, 10 000 тонна ет өңделеді. Бұдан бөлек, «МЕAT MAGNAT» өндірістік кооперативі 10 000 басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы мен мал қалдықтарын өңдейтін цехты былтыр желтоқсан айында іске қосты. Ал, 2026 жылы «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығы 10 000 бас уақ мал бордақылауға арналған мал қора кешені мен мал сою алаңы және «BEK-AGRO. KZ» шаруа қожалағының 5 000 бас ірі қара мал бордақылауға арналған мал қора кешені іске қосылады. Бұл жұмыстар ауданның ет экспорттау саласындағы әлеуетін одан сайын нығайта түсуге септігін тигізбек. Айта кетейік, Сайрам ауданы бұл сала бойынша Республикада көш бастап тұр»- деді Мадияр Мұхтарұлы.
Сонымен қатар, аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 418,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 31,2%-ды құраған. Ал, биыл бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында өткен жылы 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл саладағы өнім көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Ауданда өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер орын алған. Атап айтқанда, 86,3 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өнімнің 78%-ы өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі. Биыл саладағы өнім көлемін 96,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Аймақта былтыр 181,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 2 есеге жеткен.
Өңірдегі инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Атап айтар болсақ, ауданға қарасты 42 елді мекен 100% ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, тозығы жеткен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Ал, өңірдің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 92,8%-ды құраса, асфальтталған жолдардың үлесі 79%-ға жеткен. Сайрам ауданында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жаңа мөлтек ауданның құрылысы басталған. Қазіргі таңда Қарасу ауылында 57 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға сәйкес онда 5 қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімшілігі ғимараты, әлеуметтік нысандар салынады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
