• Пн. Дек 5th, 2022

САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУ – АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ

Автор:admin

Окт 18, 2022

 

Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау күнін белгілеп, Жарлыққа қол қойды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы биыл 20 қарашада өтпек. Президенттік мандат мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Сондай-ақ, тек бір рет қана сайлану құқығы берілді. Бұл өзгерісті Жаңа Қазақстан құрудың бастамасы деп ұқтық.

Рас, қазір саяси реформалардың серпіні сезіледі. Ол реформалардың нә-тижесін халық айқын сезініп келеді. Әрі оның жүзеге асырылуына әрбір қазақстандық қал-қадірінше үлес қосып жүр. Бастысы, бұл бастамалардың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңаруға жол ашады. Адалдық, теңдік сияқты принциптерге негізделген бұл реформалардың түпкі мақсаты Президент айтқан «Әділетті Қазақстанды» құру екені айқын.

Енді Президент, Үкімет, парламент, мәслихат барлығы қайта құрылады. Бұл жүзеге асатын іргелі өзгерістердің бастамасы. Осылайша, билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнамақ. Сарапшы мамандардың пікірінше, мерзімінен бұрын сайлау өткізу — геосаяси тұрақсыздық жағдайында экономиканың әлсіреу қаупін барынша азайтады.

Мемлекет басшысы өз Жарлығында: «ҚҚР Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын. Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін», деді. Демек, енді өңірлерде сайлау учаскелерінің дайындығы басталады. Қазірдің өзінде Президенттікке жеті үміткер тіркеліп үлгерді. Енді 20 қарашада сайлау өтеді. Саяси партияларды тіркеудің оңтайлануы, партиялық тізіммен қоса мажоритарлық негізде жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі сайлаудың әділ өтуіне бастайтын бірден-бір қадам деп санаймын.

Кезектен тыс сайлау – жекелеген топтың немесе адамның мүддесі үшін емес, еліміздегі басталған оң өзгерістер мен Жаңа Қазақстан үшін аса қажетті шара. Бастысы, бұл саяси науқанда ел азаматтарының белсенділігі маңызды. «Мен бармасам да өтетін сайлау» деген пікірден арылу керек. Мемлекеттегі, қоғамдағы өзгеріс – әр адамның өзінен басталады. Демек, елдегі саяси науқанда белсенділік таныту – азаматтық ұстаным, тіпті парыз деуге де болады.

Сәуле МЕҢДІҒҰЛЛАҚЫЗЫ,
Тілеу батыр дарын мектебінің құрылтайшысы, «Медина» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Түркістан қаласы