• 14.08.2026 12:59

РУХАНИЯТ ПЕН ТӘРТІП: ТҮРКІСТАН ПОЛИЦИЯСЫ АБАЙ КҮНІН АЙРЫҚША АТАП ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Авг 14, 2026

Түркістан облысының полицейлері 10 тамыз – Абай күніне орай рухани тағылымға толы әдеби-танымдық іс-шара өткізді. ҚР ІІМ-нің «Заң мен тәртіп» идеологиясын, «Адал азамат» қағидаттарын іске асыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жоспары аясында ұйымдастырылған шараға 200-ден астам полиция қызметкері қатысты.
Іс-шара «Абайдың шығармашылығы және «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналды. Арнайы шақырылған қонақ – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті азаматы, Түркі әлемінің үздік педагогы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов Абай шығармашылығының мәні мен тағылымы жөнінде танымдық баяндама жасады.
Шара барысында полиция қызметкерлері де өз өнерлерін ортаға салды. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері оқылып, ақынның әндері шырқалды. Полиция аға лейтенанты Тойсұлу Нартай Абайдың 31-қара сөзін оқыса, полиция лейтенанты Бекзат Асанхан «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін орындады.
Жеке құрам арасында ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, Абай мұрасын кеңінен насихаттау және қызметкерлердің мәдени-эстетикалық тәрбиесін нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген Абай өсиетімен қорытындыланды. Бұл сөз – ел тыныштығын күзеткен әрбір тәртіп сақшысының қызметімен үндесетін ұстаным.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
#Заңментәртіп
#ЗАКОНИПОРЯДО
#БілгенАбзал

Автор: jsk.kz