• Чт. Ноя 26th, 2026

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ЖОЛАЙРЫҚ АШЫЛДЫ

Автор:jsk.kz

Окт 12, 2026

Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкент қаласының қарқынды дамуы мен халық санының жыл сайын артуы көлік-логистикалық жүйені жетілдіруді талап етеді. Бүгінде шаһардың жол инфрақұрылымын жақсарту, көлік кептелістерін азайту және шалғай елді мекендерді сапалы жолмен қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елімізде өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі тетіктердің бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Осы бағдарлама аясында Шымкент қаласында ірі магистральды көшелерді кеңейту, жаңа айналма жолдар салу және жолайрықтар құрылысын жүргізу қарқын алды. Соңғы жылдары қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі саналған көлік кептелісін шешу үшін маңызды көлік айрықтары (мысалы, Бәйдібек би – Арғынбеков, Рысқұлов – Қонаев даңғылдарының қиылысындағы жолайрықтар) пайдалануға берілді. Бұл жобалар қала орталығындағы көлік ағынын реттеп, жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, оңтүстік және солтүстік айналма жолдарының құрылысы транзиттік жүк көліктерін қала сыртына шығарып, шаһар экологиясы мен жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуде.

Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығыда ел игілігі үшін ашылып отыр. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Еске сала кетейік, нысанның құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталған болатын. Бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс аяқталып, жол белгілері мен таңбалары салынды. Эстакаданың ашылуы қаланың көлік қозғалысы тығыз учаскелерінің бірінде жол қозғалысын реттеуге бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды кезең болды.

Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің қажеттілігіне сай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Заманауи көлік шешімдері кептелістерді азайтуға, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге және қала аудандары арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты және оң жақ өткел тармақтарын, сондай-ақ, жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмысы жалғасуда. Іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда барлық жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы осы учаскедегі жол қозғалысын жетілдіруге, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Jsk ақпарат

 

Автор: jsk.kz