• Пн. Дек 5th, 2022

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ — ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Автор:admin

Окт 18, 2022

 

Еліміз бүгінгі таңда Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асырып жатыр. Жыл басындағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президенттің жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістерді де ел азаматтары қуанышпен қабылдады. Алдағы уақытта, яғни, 20 қарашада өтетін Президент сайлауы осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы деп есептеймін.

Болашақта ел Президенті тек бір рет қана және жеті жылға сайланады. Еліміз үшін Президент сайлауының жеті жылдық мерзімге ұзартылуы өте қажетті əрі маңызды қадам. Бұл — кімге болсын алға қойған реформаларды іске асыру үшін жеткілікті уақыт.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының біршама өкілеттіктері қысқарды. Биліктің біраз тармағы халыққа ойысты. Биыл басталған ауыл әкімдерінің сайлауы, келесі жылы аудан, одан кейін облыс әкімдерінің сайлауына ұласпақ. Бұл дегеніміз — халықтық биліктің орнауы. Ел өз басшысын өзі таңдайды. Жаңа Қазақстандағы өзгерістер деп ауыз толтырып осыларды айтуға болады.

Биылғы басты саяси науқан — ел Президентін сайлау. Халық өз таңдауын жасайды. Мемлекет басшысы бұл сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беріп отыр. Мұндай еліміздің ертеңі үшін маңызды оқиғадан тыс қалу – азаматқа сын деп білемін. Сондықтан мемлекетіміздің өркендей түсіп, геосаяси ахуал ушыққан кезде уақытылы таңдау жасап, жұдырықтай жұмылып, алға қарай қадам басуымыз керек. Бір адамдай сайлауға қатысайық!

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері