• 3 декабря, 2024 6:40 пп

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТҮЙЕ СҮТІНЕН ҰНТАҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Автор:admin

Ноя 21, 2024

 

Отырар ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 66,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 300 млн теңгеге артық орындалған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы — 33,3 млрд теңге, тартылған инвестиция — 23,6 млрд теңге, сауда — 2,8 млрд теңге, өнеркәсіп — 22 млрд теңге, құрылыс көлемі — 8,2 млрд теңгені құраған. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл Отырар ауданында 35 000 гектарға егін егіліп, егістік алқабынан 395 993 тонна өнім жиналды. Одан бөлек, ауданда 2024 жылдың ІІ тоқсанында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Мәселен, «Баржоу Хинкай Трейд гоу» ЛТД компаниясымен бірлесіп 500 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егу жұмыстары жүргізіліп, 1 200 тонна мақта өнімі алынды. Сонымен қатар, ауданда жыл соңына дейін 800 млн теңгеге сауда саласы бойынша екі шағын инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы құны 360 млн теңгені құрайтын түйе сүтін өңдеп, ұнтақ шығаратын кәсіпорын құру көзделген. Бүгінде Қытай мемлекетімен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдары құны 145 млрд 625 млн теңгені құрайтын 157 ірі және шағын инвестициялық жобалар жүзеге асып, 1 790 адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, келесі жылы ауданда «Nomad» ЖШС-ң демалыс аймағы іске қосылады. Ал, 2026 жылы «Жанұя» ЖШС-ң емдік балшық пен жылы сумен емдеу орталығын іске қосу көзделген»,- деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, аудандағы Шәуілдір ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аққұм ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы мен Шытты ауылынан фельдшерлік-акушерлік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ғимараттар 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін ел игілігіне беріледі.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған екі елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. 2018-2023 жылдар аралығында 21 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылып, жалпы аудан халқының газбен қамтылу деңгейі 71,4 %-ға жеткен. 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 13,7 шақырымдық 7 ішкі көшеге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 34,8 шақырымдық 29 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар үлесі 80,1%-ды құрап отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin