• Чт. Дек 1st, 2022

Ортсайлаукомда мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша сайлауды ұйымдастырушыларға арналған семинар өтті

Автор:admin

Ноя 8, 2022

Орталық сайлау комиссиясында сайлауды ұйымдастырушыларға арналған ҚР ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен оқыту семинары өтті. Семинарға сондай-ақ әкімдер аппараттарының өкілдері мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, сондай-ақ халықаралық байқаушылар қатысты.

Семинардың мақсаты: дауыс беру күні мүгедектігі бар адамдар (көру, есту қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған) үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету ерекшеліктерін және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің мүгедектігі бар адамдармен өзара іс-қимылын түсіндіру.
Іс-шараның модераторы Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова болды. Өз баяндамасында ол сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың назарын мүгедектігі бар адамдар болып табылатын сайлаушылардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі құзыретіне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ОСК қабылдайтын шараларға аударды.
Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің мүгедектігі бар адамдармен өзара іс-қимыл жасау этикасы туралы семинар шеңберінде Жұмыс тобының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Молдабекқызы Қалтаева сөз сөйледі.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде тірек –қимыл аппаратының функциялары бұзылған мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету туралы Жұмыс тобының мүшелері, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрағайымы Құралай Байменова, сондай-ақ Ақмола облысының мүгедектігі бар адамдардың «Бірлік» ЗТБ төрағасы Рамазан Мұқатаев баяндады.
Жұмыс тобының мүшелері, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық басқармасының президенті Сайлаугүл Омарханова, сондай-ақ «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Аманбике Ерғалиева семинарға қатысушыларды дауыс беру күні сайлау учаскелерінде есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы хабардар етті.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін жағдайды қамтамасыз ету туралы Жұмыс тобының мүшесі, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Мейірбек Нүсіпбаев сөз сөйледі.
Сондай-ақ, семинар шеңберінде дауыс беру күні мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуба, сондай-ақ Тараз қаласы мәслихатының депутаты, «Мүгедектердің жастар қоғамы» ҚБ төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай құрамының мүшесі Әйгерім Дәулетбаева сөз сөйледі.
Жұмыс тобының мүшелері ҚР ОСК мүшелерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған жадынама дайындады, ол ОСК интернет-ресурсында орналастырылады және өңірлерге жіберіледі.
Семинарды қорытындылай келе, Анастасия Щегорцова учаскелік сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін атап өтті.