“ALASH PRIDE – FC 111” кәсіби турнирінде Ордабасы ауданының намысын қорғаған жерлесіміз Бекзат Жасия тамаша өнер көрсетіп, Қырғызстандық спортшы Нұржігіт Райымбаевты төрешілер шешімімен, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл жеңіс — тек жеке спорттық жетістік қана емес, Ордабасы ауданының спорт саласындағы абыройын биіктеткен үлкен жеңіс болып табылады.
Бекзат Жасия турнир барысында өзінің жоғары спорттық дайындығын, шапшаңдық пен техникалық шеберлігін көрсетті. Әр раундта қарсыласына күшті қарсы тұрып, төрешілер шешімін жеңіске жеткізді. Бұл жеңіс — жерлесіміздің жігері, тәртібі және қажырлы еңбегінің жемісі деп айтуға толық негіз бар.
Жерлесіміздің жеңісін қолдау мақсатында Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Илияс Еркінұлы турнирге арнайы барып, Бекзатты жеке құттықтап, алдағы спорттық жолында сәттілік тіледі. Бұл — жергілікті билік пен аудан тұрғындарының спортқа деген құрметі мен қолдауының айқын көрінісі.
Бекзаттың жеңісі — Ордабасы жас спортшылары үшін үлкен мотивация. Оның табандылығы мен жеңіске деген құлшынысы жергілікті жастарға спортқа деген қызығушылық пен жігерін арттыруға, өз қабілеттеріне сенуге үлгі болады. Сонымен қатар, бұл жетістік ауданымыздың халықаралық ареналардағы беделін нығайтып, ел мен жердің абыройын асқақтатады.
Бекзатты шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да оның спорттағы биік шыңдарға жетуіне, жаңа жеңістерге қол жеткізуіне тілектестік білдіреміз.
Жеңісті күндеріңіз көп болсын, Бекзат! Ел мен жердің абыройын асқақтата беріңіз!
Jsk ақпараттық агенттігі
