• 3 марта, 2026 9:50 дп

ОРДАБАСЫДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАНЫМ» САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Мәдениет саласындағы қызметтің жандануын айқындаған айтулы шараның бірі – Ордабасыда өткен Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» салтанатты мерекелік жиыны болды.

Мерекелік шара Самұрық аллеясында бастау алып, оқушылар үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын тарту етті. Сонымен қатар мектеп оқушыларының суретшілер көрмесі мен флешмобы және аудандық кітапханашылары ұйымдастырған көрме қонақтар назарына ұсынылды.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, патриоттық әндер шырқалды.

Мерекеге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, басқарма басшылары мен ауданның құрметті азаматтары қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Оралбаев жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

«Республика күні – халқымыздың мемлекет болып қалыптасу жолындағы тарихи белесі.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация ел тәуелсіздігінің бастауы болды.

Бүгінде Қазақстан әлемге бейбіт, біртұтас және дамушы мемлекет ретінде танылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданымызда экономикалық және әлеуметтік өрлеуге бағытталған нақты істер жүзеге асуда», – деді аудан әкімі.

Өз сөзінде өңір басшысы ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталып:

Халық саны – 133 мың адам (тәуелсіздік жылдарында 77 мыңнан артқан);

Аудан бюджеті – 20 млрд теңге (1990 жылы 171 млн теңге болған);

11,2 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 77 млрд теңгеге жетті;

7 283 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, техника 60 пайызға жаңартылды;

Мереке қарсаңында 3 ауыл ауыз сумен қамтылып, аудан бойынша ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті;

Табиғи газбен қамту – 77 пайыз;

78 мектеп, 61 балабақша, 181 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде.

«Бұл жетістіктер – бірлік пен еңбектің жемісі, тәуелсіздіктің тартуы.

Баршаңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Республика күні құтты болсын!» – деп аудан әкімі сөзін түйіндеді.

Салтанатты шара аудандық өнерпаздардың мерекелік концертімен ұласты. Мың бұралған бишілер мен әншілердің өнері көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік жиында аудан өнер ұжымдары ғана емес, білім беру ұйымдарының да белсенділігі байқалды. Оқушылар дайындаған театрландырылған көріністер, ұлттық киім дефилесі және қолөнер бұйымдарының шағын көрмесі іс-шараның мазмұнын байыта түсті. Жергілікті шеберлер жасаған бұйымдар қонақтардың қызығушылығын оятып, ұлттық мәдениеттің құндылығын айшықтады.

Сонымен қатар, салтанатты шара аясында аудан жастарына арналған «Мен – Қазақстанның патриотымын» атты бастама жарияланып, еріктілер қозғалысын дамыту, мәдени жобаларды қолдау, жас өнерпаздарды қанаттандыру бағытында бірқатар жоспар таныстырылды. Бұл – ауыл жастарының белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Шара соңында қатысушылар Мемлекетіміздің даму жолындағы жетістіктерді атап өтіп, бірлік пен татулықтың ел дамуы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті. Республика күніне арналған мерекелік кеш тұрғындарға жоғары патриоттық рух сыйлап, елімізге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin