• Пт. Дек 3rd, 2021

М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ПАРАСАТ ЖОЛЫ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Мар 5, 2021

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Парасат жолы» атты жаңа орталық ашылды.
Басты мақсаты – ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері бірлесіп, қоғамдағы парасаттылық идеологиясын ілгерілету болып табылады.
Орталықтың ашылу салтанатына Университет проректоры, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Штаб мүшесі, Созақ, Отырар аудандарының құрметті азаматы Ш.Мырзахметов, ардагерлер кеңесі төралқа мүшесі Ш.Медеуов, қаладағы бірқатар ЖОО өкілдері қатысты.
Жаңа жобаның тұсауын кескен Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев пен ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Шалатай Мырзахметов қолға алынған жобаның міндетін айтып өтті.
Өз кезегінде Сәкен Мәжінбеков бұл игі бастама жастар арасында адалдықты дәріптеуде айрықша маңызға ие екендігін алға тартып, аталған Орталық арқылы аға буын жастармен өмірлік тәжірибелерімен бөлісетіндігіне сенім білдірді.
«Парасат жолы» орталығында студенттер белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіледі. Парасаттылық құндылықтары кеңінен насихатталып, жемқорлықтың алдын алудағы жастардың рөлі, болашақ мамандардың қызметіндегі адалдық жайы талқыға түсетін болады.
Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы парасаттылық идеологиясын сөз етіп, жемқорлықпен күрестегі әдебиеттің рөлін сөз етті.
Шара соңында «Парасат жолы» орталығын ашу бойынша эстафета Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетіне жолданды.
Айта кетейік, бұған дейін қаладағы 5 кітапхана мен олардың филиалдарында «Парасат жолы» орталықтары ашылып, оқырмандармен түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылуда.