• 24.09.2026 20:56

МӘМС туралы жиі қойылатын сұрақтарға нақты жауап

Автор:jsk.kz

Сен 24, 2026

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтардың әлеуметтік желідегі сұрақтары мен өтініштерін тұрақты түрде талдап отырады. Тұрғындарды көбіне дәрігер қабылдауын және тексеруді ұзақ күту, жолдама алудағы қиындықтар, тегін көрсетілуі тиіс қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ дәрігерлердің, дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі сияқты мәселелер толғандырады.

Медициналық ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру, оларды мамандармен, дәрі-дәрмекпен және қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету медициналық ұйым басшылығы мен өңірлік денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне жатады. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ТМККК және МӘМС шеңберіндегі медициналық көмекті сатып алып, көрсетілген қызметтерге төлем жүргізеді, келісімшарт міндеттемелерінің орындалуын бақылайды және қажет болған жағдайда жеткізушілерге жоспардан тыс мониторинг ұйымдастырады.

МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген. Жарналар жеке шотта жиналмайды. Ортақ қор есебінен әрбір сақтандырылған азамат қажет болған жағдайда өзі төлеген жарнаның жалпы сомасынан әлдеқайда қымбат медициналық көмек ала алады.
Сондай-ақ жүйе медициналық көрсетілімдерге және белгіленген маршрутқа сәйкес қажетті медициналық көмекті алуға кепілдік береді. Шұғыл жағдайларда көмек дереу көрсетілсе, жоспарлы қызметтер белгіленген тәртіппен ұсынылады.
Әлеуметтік желіде жиі көтерілетін сұрақтардың бірі – сақтандырылған мәртебе болмаған жағдайда барлық медициналық көмек ақылы бола ма деген мәселе. Қор бұл түсініктің дұрыс емес екенін еске салады. Азаматтарға мәртебесіне қарамастан ТМККК аясында жедел және шұғыл медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, сондай-ақ туберкулез, АИТВ және онкология сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу қызметтері қолжетімді.
Тағы бір жиі кездесетін мәселе – дәрігердің тексеруге немесе бейінді маманға жолдама бермеуі. Қосымша талдаулар мен КТ, МРТ сияқты диагностикалық зерттеулерді пациент өз бетінше тағайындай алмайды. Мұндай шешім медициналық көрсетілімдерге сүйене отырып, емдеуші дәрігердің құзыретінде қабылданады.
Егер пациент жолдама беру немесе медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты мәселе туындады деп есептесе, алдымен медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Ал мәселе шешілмеген жағдайда msqory.kz ресми сайты арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жолдау мүмкіндігі бар.

Автор: jsk.kz