• 6 февраля, 2026 8:50 пп

«Мирас» университетінің жастары Жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

Автор:admin

Фев 6, 2026

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Мирас» университетінде болып, Жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында студент жастармен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары қолданыстағы Конституцияның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңінде елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң осы уақытқа дейін өзіне жүктелген тарихи миссияны толық орындады. Қазіргі кезеңде қоғам мен мемлекеттің даму талаптарына сай, мемлекеттілікті одан әрі нығайтып, заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туындап отыр.

Сәрсен Құранбек Жаңа Конституция жобасында ұлттық мүдде мен ұлттық ерекшеліктерге айрықша мән берілгенін жеткізді. Сонымен қатар, құжатта әділеттілік пен теңдік қағидаттарын басшылыққа алатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалар көзделгені атап өтілді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студент жастар тарапынан белсенділік танытылды. Қатысушылар Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, көтерілген бастамаларды қолдайтындарын жеткізді. Сондай-ақ, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Кездесу барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамы да сөз сөйлеп, Конституциялық реформаның ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Олар Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, мұндай кездесулер халықтың, әсіресе жастардың, ел болашағына белсенді қатысуына жол ашатынын және қоғам мен билік арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Автор: admin