• 24 ноября, 2025 10:08 дп

Медианың рөлі: өңірлік шиеленісті азайтудағы құрал

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шыхли өңірлік қауіпсіздікте медианың рөлі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, медиа тек жаңалық таратушы құрал емес, жүректерді байланыстырып, ой қалыптастырып, бейбітшілік пен шиеленісті азайта алатын күшке ие. Бұл туралы Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шыхли Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбына VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында айтты.

Шыхли Кавказ аймағы мен Таяу Шығыстағы тәжірибелерді мысалға келтірді. 2020 жылы Кавказдағы қақтығыстар кезінде әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат қоғамда қорқыныш пен өшпенділікті күшейткен.

«Алайда кейбір медиа ұйымдары шынайылық пен бейбітшілікті алға шығарып, жағдайдың бәсеңдеуіне үлес қосқан. Мысалы: Caucasian House (Тбилиси) – қақтығысқа сезімтал журналистика бойынша тренингтер өткізген, Әзербайжан, Армения, Грузия және Абхазиядан келген журналистерді біріктірген. Бұл эмпатияға негізделген журналистиканы дамытуға ықпал еткен.Seeds of Peace – Израиль, Палестина және басқа аймақ жастарын бейтарап лагерьлерге жинап, тұрақты диалог орнатуды қамтамасыз еткен. Al Jazeera «The Stream» – онлайн платформада түрлі халықтан келген жастарды біріктіріп, бейбітшілікке бағытталған диалог жүргізген», – деді ол.

Шыхли медианың жауапкершілігіне назар аударды: бір тақырыптың тілі, бір жаңалықтың реңкі немесе визуалы бейбітшіліктің немесе дағдарыстың алғашқы қадамы болуы мүмкін. Оның пікірінше, медиа қорқыныш емес, эмпатия мен түсіністіктің үні болуы тиіс.

«Бейбітшілік тек саясат арқылы емес, ақпарат, тіл және мәдениет арқылы құрылады. Егер медиа үмітті күшейтсе, халықтар арасындағы сенім қайта жанданады», – деді Эльчин Шыхли.

Айта кетейік, медиа форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, Қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері т.б. қатысты.

Автор: admin