• Пт. Дек 2nd, 2022

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ

Автор:admin

Июн 9, 2022

Соңғы кезеңде қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесі жөнінде жиі-жиі сөз бола бастады. «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына  Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп атап көрсетті . Бұл ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Мұны қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тілімздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді  негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады,  бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол,  екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі  артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ,  латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы  емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр.  Латынға көшу туралы жоғарыда айтылған алғашқы екі мәселеге әр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен  тіл мамандары  белсенділік танытып отыр. Бірақ тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің  төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса,  екіншісі, қазіргі оқыған жұрт  бұрынғыдай  өзге тілдің сөздерін бұзып айтуды оғаш көреді, сондықтан «қазақ тілі  әліпбиінің  құрамындағы қыруар  әріпті өгейсітіп, жат дыбыстарға  жатқызып, әліпбиі құрамынан шығарып тастау емлені  шешуі  қиын  өте күрделі  түйінге айналдыратын шешім» деген пікір айтып, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды.

Jsk ақпарат