• Пт. Дек 2nd, 2022

Латын қарпіне көшу бойынша алаңдаудың реті жоқ…

Автор:admin

Июн 9, 2022

—    Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

—    Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді  жалғастырушы, байланыстырушы  құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Осы тұрғыда жазудың өзгертілуі халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етпей ме?

—    Рас, бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан әліпби  мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Әліпби жасау  үшін алдымен графикалық лингвистика  теориясын терең танып,  тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар  аударып, бөгде  тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай  таңбалау  керек  деген  мәселелерді шешіп алу керек,  одан кейін тілдің  болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің  табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу  ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де  назарға алынуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғаннан бастап жұртшылық арасында пікірталас өршіп кетті. Мысалы, «латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге, екінші біреулер: «Қазақтың жазба мұрасы көп жылдық тарихы бар елдерге қарағанда (қытай, араб, француз) аз, сондықтан қазіргі жағдайда барлық жазба мұрамыз бен жәдігерлерімізді латын әрпіне бірте-бірте көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді» дейді. Мұндай пікірлер көп-ақ. Елінің болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп жатыр. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, яғни қазіргі 42 әріпті латын әріптерімен жай ғана алмастыра салсақ, одан ештеңе өзгермейді.

Jsk ақпарат