• Чт. Дек 1st, 2022

Латын графикасына: НАУҚАНШЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ ЕМЕС!

Автор:admin

Июн 16, 2022

— Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісінің саяси маңыздылығы тілдік қажеттіліктен басым деп ойлайсыз ба?

— Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге саяси жағынан да, ғылым-білім тұрғысынан да, заман талабына сай даму үшін де өте маңызды. Сондай-ақ,  бұл шараның қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Себебі бүгінге дейін өзіміз әбден үйренісіп, қолданып келе жатқан кирилл жазуы да аса жетілген, кемел емес екені белгілі. Мұны түсіндірме сөздікпен жұмыс істеуде, әсіресе сөздердің орфографиясы, орфоэпиясына келгенде анық байқадық. Жазуымызда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынбайтын кемістіктер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тіліндегі заңдылықтар бойынша сақталып жазылуы, басы артық ь, ъ белгілері, в, ф, ц, ч, щ, ю, я әріптері, т.б. қиындықтар кездеседі. Латынға көшуде өзге себептермен қатар, тілдік тұрғыдан осы бір қиындықтарды шешуге, қазақ тілінің дыбыс жүйесін сақтайтын, табиғатына сай жүйелі, жетілген әліпбиді түзу мүмкіндігі туып тұр. Тіл үшін пайдасы болмаса өзге түркітілдес елдер латын графикасына көшуге құштар болмас еді. Тіпті, оның ішінде Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдер көшіп те қойды. Негізі қазақ немесе түркі ғалымдарынан бөлек, Ресей ғалымдарының ішінде орыс жазуын латынға көшіру керек деген мәселе көтерілген болатын. Мәселен, РҒА корреспондент мүшесі С.А.Арутюнов«латынға көшу жаһанданудың бүкіл әлемдік үрдісіндегі заман талабы. Ресей дамыған елдермен қатар, Еуропаның бір бөлігі болғысы келсе, латын әліпбиіне көшу керек немесе ерте ме кеш пе соған барады. Кириллица ескіріп қалғандықтан, оны қолданушы барша халық та кириллицаны латынға өзгерту керек» деп ұсынған еді.

«АЖ» анықтамасы:

*1991 жылы Түркия ұсынған жалпы түркі әліпбиі 34 әріптен тұрады (29-ы түрік әліпбиінен алынған). Қазіргі уақытта жеке мемлекеттер арасында оны тек Әзірбайжан қолданып отыр (бір әріптің өзгеруімен). Өзбекстан 26 әріптен тұратын стандартты латын әліпбиін қолданып келеді. Түркменстанда ішінара жалпы түркі әліпбиіне ұқсас, бірақ одан әріп қатары бойынша айрықшаланатын өз әліпбиі бар. Сондай-ақ, қазақ диаспорасы тілін зерттеуші маман ретінде айтарым, латын графикасы шетелдегі қандастарымызбен де қарым-қатынасты жандандыруға, олар үшін бізде жарық көретін әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды оқып, танысып отыруға әлдеқайда жеңіл болар еді. Себебі әлемде кириллицадан гөрі латын әліпбиі кеңінен таралған, көпшілік хат танып, жаза біледі.

— Кейбір қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары латынға ауысуды бүгіннен бастап, ЭКСПО 2017-ге дейін көшіп болу керек деген пікірді ортаға салды. Бұл асығыстық емес пе?

— Бүгінде кез келген мақсатты жүзеге асыруда тым науқаншылдық басым болып кетті. Ондай асығыстықтың соңы шалағайлыққа соғып жатады. Сондықтан латын графикасына ауысуда қиындықтарды, кемшін тұстарын елеп-екшеп барып, көшудің механизмін ғылыми тұрғыдан негіздеп, ұтымды тұсына көз жеткізіп барып көшкеніміз дұрыс. Алдағы оқу жылынан мектептерде бастап кеткеннің өзінде 4 жылдың ішінде көшіп болу керек деу тым асығыстық, 2020 жылдарға дейін созылу қажет шығар. Оған дейін үлгеріп, еңсеріп жатсақ, тіпті жақсы. ЭКСПО-2017 кезінделатынға көшу үстінде болсақ та жаман емес.

Jsk ақпарат