• 28 февраля, 2024 12:31 дп

КӨП ПАРТИЯЛЫҚТАН ҚОРЫҚПАЙЫҚ

Автор:admin

Апр 7, 2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауына жыл толды. Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі «Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту» туралы мақсаттар еліміздің саяси өміріне үлкен өзгерістер беру мүмкіндігімен ерекшеленеді. Елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтті. Ел халқы осы сайлауда сол заңды жолмен берілген мүмкіндіктерді барынша пайдаланды.
ҚР Президентінің 2022 жылғы наурыз айындағы жолдауындағы саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі болды. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін, ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін, өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылуы едәуір жеңілдік тудырды. Әрине, алғашқы кезеңде сол «жеңілдіктерге» орай қоғамда «Жаңа партиялар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетпей ме, оның бәрі бізге керек пе» деген алаңдаушылықтар болғаны рас. Бірақ, талаптар жеңілдегенімен, жаңа партия құру соншалықты оп-оңай бола қоймайды. Ол үшін бүкіл ел көлемінде үлкен ұйымдастыру жұмысы жүргізілуі керек. Оған біраз еңбек және қаржылық ресурстар қажет. Сондықтан, кейбір азаматтарымыз айтқандай, 50-60 партия ашылып, олардың атынан шатасатындай жағдай орын алмағанына ел куә.
Ал көп партиялықтан қорқудың қажеті жоқ екені, керісінше, ол партиялар «Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болатыны» Жолдауда да айтылды. Бұл біздің қоғамда саяси әралуандықтың қалыптасуы мен жетілуіне, плюрализмге мүмкіндік береді. Шын мәнінде біздегі партиялардың көбі оң центристік бағытты ұстанатыны тағы белгілі. Сондықтан болар көп жағдайда олардың экономикалық дамуға, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізуге қатысты көзқарастары мен ұстанымдары бір-біріне ұқсас келеді. Осындай көріністермен келіспейтін азаматтар, мүше боларлық балама саяси ұйымдар әзірге аздау болып тұр. Ал ондай партиялардың да құрылуына мүмкіндіктер берілді. Бірақ, ел азаматтары сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды ел алдындағы жоғары жауапкершілікпен жасауы керек.
Қазіргі жағдайдың өзі бұл бағытта алға жылжудың бар екенін айқын байқатады. Біздіңше, сайлауда жеңген партиялар өз әріптестерінің елді дамыту бойынша озық ұсыныстарды да мүмкіндігінше өзара кеңесе отырып, жүзеге асырып жатса ешкім де ұтылмас еді. Ең бастысы еліміздің жарқын болашағы –бірлікте екенін ешкім де ұмытпағаны абзал.
Содан соң тек сайлау науқанында ғана төбе көрсетіп, кейін үнсіз қалатын партиялар болмауының өзі елдегі саяси сауаттылық пен шынайылықтың белгісі. Оны да ескергеніміз дұрыс.

Қайрат АНАРБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Автор: admin