• 12 марта, 2026 10:56 пп

Кәсіпкерлік пен еңбек құқығы – Жаңа Конституцияның маңызды тірегі

Автор:admin

Мар 12, 2026

 

Қазақстанда азаматтардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру – жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі бағыттарының бірі. Бұл қағидаттар Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясында айқын көрініс тапқан. Ата заңдағы өзгерістер мемлекет пен қоғамның дамуына жаңа серпін беріп, еңбек адамының құқықтарын қорғау мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде бекітті.
Жаңартылған Конституцияда еңбек құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, әділ бәсекелестік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл нормалар өндіріс орындарының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етуде.
Бұл бағыттағы нақты мысалдардың бірі – «Бал Текстиль» ЖШС кәсіпорны. Кілем және кілем өнімдерін өндіретін бұл фабрика Қазақстандағы алғашқы әрі Орталық Азиядағы ірі кілем өндіруші кәсіпорындардың бірі саналады. Шымкент қаласында 2012 жылы ашылған кәсіпорын сол уақыттан бері еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға елеулі үлес қосып келеді.
Кәсіпорынның өндірістік қызметімен Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы танысқан болатын. Бүгінде «Бал Текстиль» фабрикасы сапалы әрі қолжетімді бағадағы өнімдерімен ерекшеленеді. Кәсіпорында өндірілген кілемдер ТМД елдерімен қатар Еуропа нарығында да сұранысқа ие.
Сонымен қатар кәсіпорын әлемдегі үйге арналған тауарларды сататын ең ірі бөлшек сауда желілерінің бірі – IKEA компаниясына өнім жеткізушілер қатарында. Қазақстандық кәсіпорындар арасында бұл компанияға өнім ұсынған алғашқы фабрикалардың бірі болып табылады. Кәсіпорын шығаратын барлық өнімдер CT-KZ ұлттық стандартына және ISO 9001–2009 халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл өндірістің әлемдік талаптарға сай ұйымдастырылғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда кәсіпорын өнімдері еліміздің барлық өңіріне таралған. Республика бойынша төрт жүзден астам дистрибьютор компания өнімдерін тұтынушыларға ұсынуда.
Фабрика тек өндіріс көлемімен ғана емес, дизайн және сапа жағынан да ерекшеленеді. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам түрлі дизайн әзірленген. Кәсіпорын мамандары тұтынушыларға үй интерьеріне сәйкес кілемнің материалы, түсі мен өлшемін таңдауға кәсіби кеңес береді.
Мұндай өндіріс орындарының табысты жұмыс істеуі – Қазақстанда кәсіпкерлікке беріліп отырған мүмкіндіктердің нақты дәлелі. Жаңа Конституцияда бекітілген кәсіпкерлік еркіндігі мен еңбек құқықтарын қорғау қағидаттары өндірістің тұрақты дамуына негіз болып отыр.
Бүгінде «Бал Текстиль» сияқты кәсіпорындар ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, мыңдаған азаматты тұрақты жұмыспен қамтып, еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Бұл – әділетті қоғам құру, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған реформалардың нақты нәтижесі.
Алдағы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдум – елдің болашағына қатысты маңызды саяси оқиға. Мұндай маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде кәсіпкерлер мен азаматтардың белсенді азаматтық ұстаным танытуы қоғамдағы тұрақтылық пен экономикалық дамудың маңызды кепілі болып табылады.
Бағдат Талғатұлы,
«Бал Текстиль» ЖШС атқарушы директоры.

Автор: admin