• 20 апреля, 2024 7:32 дп

КЕСЕЛДІ КЕДЕРГІЛЕРМЕН ЕЛ БОЛЫП КҮРЕСЕЙІК

Автор:admin

Мар 29, 2024

 

Біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет болғандықтан, оның басымдықтары адамдардың құқықтарын қорғайды. Құқықпен қорғалған және сол құқықтарды дұрыс пайдалана білетін қоғам ғана жоғары қарқынмен дамиды. Ал, қоғамды құлдыратуға апаратын кеселді кедергілермен ымырасыз күресе білу мемлекеттің тұтастығын сақтап қалады.

Бұған орай Мемлекет басшысы үшінші құрылтайда сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен аяусыз күресіп, бұл қатерлі қоғамдық дерттерге ел болып тосқауыл қою керектігін айтты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды.

Осы басты құндылықтарды берік ұстану еліміздің әрбір азаматының міндеті екенін айтқан Президент «Адал азамат» ұғымын ұсынды. Бұл ұстаным Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Іргелі осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру қажеттігін атап көрсеткен Мемлекет басшысы: «Адал азамат дегеніміз—жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деді.

Атырауда өткен үшінші құрылтай отырысының дәл осылай «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» деп аталуы бекер емес. Бұл – қоғамды ізгілендіруді, ілгері жылжытуды, үлгілі үрдістерге ұмтылуды көздеген ұлағатты қадам.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
сот саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері

Автор: admin