• 23 июня, 2024 9:27 пп

 

20 қараша — ел болашағы үшін өте маңызды күн болмақ. Сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын. Осынау саяси жаңғырудың мән-мақсатын, идеялық ұстанымын, жалпыұлттық тұжырымын кең көлемде қолдай отырып, ел дамуының елеулі кезеңі, тағдыршешті жолы ақыл мен пайымға, саяси сауаттылық пен азаматтық көзқарасқа жүгінетініне сенемін.

Өйткені Президент сайлауы – демократияны дамытуға жасалған маңызды науқан. Сондықтан бұл сайлауда баршамыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Сайлау — көпшілік дауысымен шешілетін мәселе. Бұның халық үшін маңызы зор. Бұл сайлаудың басқа сайлаудан бір өзгешелігі – мұнда Президент бір рет қана, жеті жылға сайланады. Яғни, екінші қайтара сайлауға түсу мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте, жеті жыл – реформаларды іске асыруға жеткілікті уақыт.

Әділ сайлау – әділетті қоғам үшін ауадай қажет. Сайлаудың әділ әрі шыншыл өтуіне халық мүдделі болуы тиіс деп есептеймін. Бұл ретте, Мемлекет басшысы сайлау науқаны заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін айтты. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетінін жеткізді.

Қазір қоғам өзгеріп жатыр, халықтың ой-санасы өзгеріп жатыр. Президент сайлауынан күтеріміз көп. Биылғы жылы оң өзгерістер мен жаңашылдық жылы болды. Лайым сол бастамалар өміршең болып, еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын. Жаңа әрі әділетті Қазақстанды дамыту үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар оң нәтиже береді деген сенімдеміз!

Ержан АСҚАРОВ,
Сайрам ауданы филиалы «ҚАРАСУ» бастауыш партия ұйымы төрағасы

Автор: admin