• 19 декабря, 2025 12:18 пп

ЖЕТІСАЙДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Өнер, мәдениет саласындағы қызметтің өркендеуін айшықтайтын маңызды шаралардың бірі – Республика күніне орай өткен аудандық «Қыран елім – Қазақстан» жас ақындар жыр мүшәйрасы болды.

28 қазан күні Жетісай аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бұл шығармашылық дода жас ақындарды қолдауды, олардың поэзияға деген талпынысын арттыруды және жаңа таланттарды анықтауды мақсат етті.

Мүшәйраға барлығы 9 үміткер қатысып, ережеде белгіленген екі бөлім бойынша сынға түсті.

І-бөлімде қатысушылар Республика күніне арнаған «Қыран елім – Қазақстан» атты төл туындыларын орындаса,

ІІ-бөлімде еркін тақырыптағы өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды.

Өнер додасының әділ бағалануы үшін қазылар алқасы бекітілді. Қазылар алқасының төрағасы – Жетісай ауданы білім бөлімінің әдіскері Кеттебеков Бауыржан Қаршығаұлы. Алқаның мүшелері – аудандық мәдениет үйінің басшы орынбасары Айтишев Әзберген Ноғайбайұлы және Жетісай аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» басшы орынбасары Сағынтаева Жанар Қайратқызы.

Қазылар шешімі бойынша:

Бас жүлде – Андасбек Аянат Ерланқызы (Жылы су ауылдық округі)

І орын – Қазыбек Дина Біржанқызы (Асықата кенті мәдениет үйі)

ІІ орын – Сейітқұл Нұрназым Досжанқызы (Абай ауылдық округі) және Қалдарбек Кәусар Медетбекқызы (ЖК «Шебер» өнер орталығы)

ІІІ орын – Төлен Саяжан Баймаханқызы (Мақталы ауылдық клубы) және Жоламан Ақерке Жексенбайқызы (Кетебай ауылдық клубы)

Бұдан бөлек, жас ақындар Түймебек Балауса Батырқызы (Қазыбек би ауылдық мәдениет үйі), Наурызбай Атажан Бауыржанұлы мен Тожибай Арай Болатбекқызы (Ынтымақ ауылдық округі) белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломдармен марапатталды.

Жас ақындарды шығармашылық жеңістерімен құттықтап, алар асуларыңыз мол болсын деп тілейміз!

Бұл мүшәйра аудан жастарының өнерге деген қызығушылығын арттыра түскен маңызды рухани іс-шара болды. Қатысушылар өз шығармашылығында елге деген сүйіспеншілікті, Қазақ елінің болашағына деген сенімді, туған жерге деген махаббатты өлең жолдарымен өрнектеп жеткізе білді. Мұндай дода жас буынның азаматтық позициясын қалыптастырып қана қоймай, олардың ой-өрісін, сөз саптау мәдениетін дамытуға да ықпал етеді.

Жиын барысында көрермендер жас ақындардың ерекше талантына куә болып, олардың шығармашылығына қолдау көрсетті. Әсіресе, поэзияға жаңадан қадам басқан жастардың батылдығы мен ой тереңдігі көпшіліктің жылы ықыласына бөленді. Бұл — әдебиетке құштар ұрпақ өсіп келе жатқанын білдіретін қуанышты көрсеткіш.

Алдағы уақытта Жетісай ауданында жас қаламгерлерге арналған шығармашылық алаңдарын көбейту, ақындар мектебін дамыту және поэзия клубтарын жандандыру жоспарлануда. Мұндай бастамалар әдеби орта қалыптастыруға, талантты жастардың танылуына және ұлттық әдебиеттің өрістеуіне жол ашады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin