• 20.08.2026 20:26

ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Автор:jsk.kz

Авг 20, 2026

 

Шымкентте жаңа медициналық нысандар салынып, қолданыстағы орталықтар заманауи талаптарға сай жаңартылып келеді.

Сондай нысандардың бірі – 200 орынды жаңа перинаталдық орталық. Қазір мұнда ғимараттың іргетасы қалануда. Жаңа орталықта болашақта ана мен балаға жоғары білікті акушерлік және неонаталдық көмек көрсетіледі.

Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Сонымен қатар, 123 автокөлікке, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар, 120 м³ су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы мен саябақ болады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Шымкентте тұрғындар санының артуына байланысты заманауи медициналық нысанға қажеттілік туындап отыр.

Ал Бозарық шағынауданында 150 орынды оңалту орталығы салынуда. Қазір құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Кешенде спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, оңалту корпусы және стационар қарастырылған. Мұнда ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға медициналық және әлеуметтік оңалту қызметтері көрсетіледі.

Сонымен қатар, қалалық диагностикалық орталық ғимараты жаңартылуда. Тиісті жұмыстар аяқталған соң орталық бір ауысымда 950 адамды қабылдай алады. Заманауи диагностикалық кабинеттер мен медициналық жабдықтар тұрғындарға қажетті тексерулерден өтуге және бейінді мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік береді.

Шымкентте жаңа нысандар салынып қана қоймай, қолданыстағы медициналық инфрақұрылым да жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл жұмыстар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға жайлы әрі заманауи жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: jsk.kz