• 25 февраля, 2026 8:05 пп

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ПРОГРЕССИВТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Автор:admin

Фев 25, 2026

 

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел өңірлерін аралап, азаматтармен Жаңа Конституция жобасын талқылап келеді. Қысқа уақыт ішінде коалиция мүшелері тоғыз өңірде болып, мыңдаған кездесулер өткізді. Мен де осы жұмысқа қатысып, бірнеше аймақта халықпен жүздесіп қайттым.

Кездесулер барысында азаматтарды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Соның бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсетуге қатысты сауалдар. Кейбір ақпарат көздерінде бұл қызметтер ақылы болады деген жаңсақ пікірлер айтылуда. Алайда бұл шындыққа жанаспайды.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл қағида қолданыстағы Конституцияда да, Жаңа Конституция жобасында да нақты бекітілген. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуы – соның айқын дәлелі. Білім беру мен денсаулық сақтау қызметтері азаматтар үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді және алдағы уақытта да мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

Сонымен қатар, жоғары білім беру саласына қатысты өзгерістер де түсіндірілді. Конституция мәтінінен «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынылуда. Бұл – қазіргі жағдайға сай келетін орынды шешім. Бүгінде мемлекеттік гранттар тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да оқуға мүмкіндік береді. Яғни грант иегерлері меншік нысанына қарамастан, кез келген аккредиттелген оқу орнында тегін білім ала алады.

Қоғамда жиі талқыланатын тағы бір тақырып – сөз бостандығы. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы нақты бекітілген. Сын айту құқығы сақталады. Алайда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдейі қорлауға жол берілмейді. Бұл – халықаралық тәжірибеде орныққан қағида және құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі.

Сондай-ақ арнайы құқықтық режимдерге қатысты сұрақтар да қойылды. Бұл нормалар елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру үшін емес, керісінше экономикалық дамуды жеделдету үшін енгізілуде. Конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер ірі инвестициялық жобалардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге негіз болады.

Қорыта айтқанда, Жаңа Конституция – әлеуметтік кепілдіктерді қысқарту емес, оларды заманауи талаптарға сай нақты әрі берік бекіту. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру.

Референдумға аз уақыт қалды. Осы маңызды кезеңде әрқайсымыз белсенділік танытып, қоғамдағы талқылауларға жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Еліміздің болашағы – өз қолымызда.

Автор: admin