«Белсенді ұзақ өмір» орталығында Жаңа Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шара барысында «Ізгілік елшілері» волонтерлік қозғалысының жетекшісі, қоғам белсендісі Жасмин Әшімова баяндама жасап, конституциялық өзгерістердің маңызы туралы кеңінен айтып өтті.
Кездесу барысында қатысушылар Жаңа Конституцияда қарастырылған негізгі жаңашылдықтарды, олардың саяси жүйеге, ғылым мен білімнің дамуына, сондай-ақ цифрлық ортаның қалыптасуына ықпалын талқылады. Жасмин Әшімова жаңа құжат азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетінін атап өтті. Бұл ретте қоғамдық диалогтың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасып, оның құрамына Халық кеңесі, қоғамдық кеңестер және жергілікті жиналыстар кіреді.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндіктері кеңейтілгені айтылды.
Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – II бөлімнің, атап айтқанда жеке өмірдің қолсұғылмаушылық құқығына арналған 21-баптың жаңаша қарастырылуы. Бұл бапта алғаш рет адам құқықтарына төнетін негізгі қауіптердің бірі цифрлық кеңістікпен байланысты екені конституциялық деңгейде атап өтілді. Бұған дейін Конституция жеке өмірді қорғауды қарастырғанымен, цифрлық шындықтың ерекшеліктері толық ескерілмеген болатын. Ал бүгінде жеке хат-хабар, дербес деректер, қаржылық ақпарат және цифрлық әрекеттер тарихы ерекше назар аударылатын маңызды ақпараттық ресурстарға айналды.
Жасмин Әшімованың айтуынша, жаңа редакцияда азаматтардың жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қолсұғылмаушылық құқығы, сондай-ақ дербес деректердің заңсыз жиналуынан, өңделуінен, сақталуынан және пайдаланылуынан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын әрекеттерден қорғалуы заңмен кепілдендірілген.
Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері біртұтас жүйе ретінде қарастырылып, классикалық конституциялық құқықтар мен қазіргі цифрлық қоғам шындығы арасындағы бұрынғы айырмашылықтар жойылған. Бұл цифрлық технологиялардың адамдардың қарым-қатынасына, ақпаратты сақтау мен тарату тәсілдеріне, сондай-ақ бақылау механизмдеріне түбегейлі өзгеріс әкелгенін ескере отырып қабылданған маңызды қадам болып табылады.
Сонымен қатар құжатта жеке және отбасылық құпияның, банк операцияларының, салымдар мен жинақтардың құпиялылығының, сондай-ақ хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошта және басқа да хабарламалардың, оның ішінде электрондық байланыс түрлерінің құпиясын сақтау кепілдіктері нақтыланып, күшейтілген.
Кездесу соңында Жаңа Конституцияда елдің болашақ дамуына негіз болатын идеологиялық және құндылықтық ұстанымдарға ерекше мән берілгені атап өтілді. Бұл құжат Қазақстанның даму бағытын айқындайтын өзіндік «жол картасы» ретінде бағаланып отыр. Атап айтқанда, ел дамуының негізгі төрт тірегі ретінде білім, ғылым, мәдениет және инновация салалары белгіленген.
Кездесу барысында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының келушілері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Жиын қорытындысы бойынша қатысуышлар жаңа Конституцияға қолдау білдірді.
