• 23 июня, 2024 10:03 пп

 

Еліміздегі маңызды саяси науқан — Президент сайлауы да аяқталды. Сайлауда дауыс санаудың алдын ала қорытындысы бойынша сайлаушылардың 81,31% дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде жеңіске жетті.

Бұл сайлау қарқынды және белсенді өтті деуге болады. Осы ретте, Түркістан облысының тұрғындары сайлауда белсенділік танытқанын ерекше айтқанымыз жөн. Өңір тұрғындарының 80 пайыздан астамы саяси науқанда дауыс берді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, яғни түркістандықтар еліміз бойынша көшбасшы аймақтың қатарында болды.

Сайлауға келушілер арасында алғаш рет дауыс беріп жатқан 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, Сарыағаш ауданында сайлауға өмірінде бірінші рет келген егіз жігіттер болды. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайды қарамайтынын аңғартады. Сайлаушылардың арасында таңсәріден келіп, дауыс беріп жатқан тұрғындарды байқадық. Бұл – азаматтық қоғамдағы демократияның көрініс таба бастағанының дәлелі деп ойлаймын.

Жалпы, сайлау таза, ашық әрі әділ өтті деуге негіз бар. Елдегі сайлауды 641 халықаралық байқаушы қадағалады. Оның 532-сі – 10 халықаралық ұйымның өкілі. Сондай-ақ әлемнің 35 мемлекетінен 109 байқаушы арнайы келді. 38 мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстаннан тікелей хабар таратты. Бұл ретте Астанада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығы жұмыс істегенін атап өткен жөн. Шетелдік байқаушылар президенттік сайлау ашық әрі әділ өткенін айтып, ұйымдастыру жұмыстарына оң баға берді.

Осы орайда, Түркістан облысында да тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың әділ өтуіне өз үлестерін қосты. «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ-ның Түркістан облыстық филиалы сайлау күні өңірдегі 893 сайлау учаскесінде байқау жұмысын ұйымдастырды. Өкілдікте 17 координатор және әр сайлау учаскесінде екі азаматтан жалпы 1786 байқаушы болды. Бұл ретте, 90 мобильді байқаушы, заңгер және әлеуметтік желілерде сараптама жүргізетін еріктілер арқылы жұмыстар атқарды.

Түйіндеп айтқанда, бүгінде еліміздегі саяси өзгерістер, жаңа бастамалар халықтың көңілінен шығып, қолдау тауып жатқаны рас. Президент Қазақстанымызды даңғыл жолдарға жетелейтініне сенімдіміз. Өйткені, Жаңа әрі Әділетті Қазақстан, тың реформалар Қасым-Жомарт Кемелұлының тұсында басталған болатын.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тағы да көтере түсетініне сеніміміз мол.

Бақытжан ӘШІРБАЕВ,
«Партиялық емес байқау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының басшысы

Автор: admin