Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Қандай қызмет атқарса да, адал еңбегімен елге пайдасын тигізіп жүрген әрбір азамат мемлекет үшін аса қымбат. Еңбек адамы – қоғамның берекесі мен дамуының негізгі тірегі», – деп атап өткен болатын.
Бұл сөздер ауыл-аймақтың тазалығы мен тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген қарапайым еңбек иелерінің де еңбегіне берілген үлкен баға.
Қоғамның тірегі – еңбек, ал еңбектің шынайы иесі – қарапайым жұмысшылар. Бүгінгі күні ауданымызда көзге көп көрінбей, бірақ күнделікті тіршіліктің ажарын келтіріп жүрген жандар бар. Солардың бірі – абаттандыру саласында маңдай терін төгіп, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген Сәуле Алдабергенова.
Сәуле 1971 жылы ауданымызға қарасты Берген Исаханов ауылында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекке бейім болып өскен ол есейген шағында да осы қасиетін жоғалтпай, қай істі болса да жауапкершілікпен орындауды мақсат еткен. Қазір «Абаттандыру» мекемесінде қызмет атқарып, әр таңын туған елді мекеннің тазалығы мен сән-салтанатына арнап келеді. Оның жұмысы сырт көзге еленбей қалуы мүмкін, бірақ нәтижесі — ауылымыздың көркіне айналған таза көшелер мен жасыл желек.
Сәуле Алдабергенованың еңбек жолы – тиянақтылық пен төзімділіктің үлгісі. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығына қарамай, күнделікті тазалық жұмыстарын уақытылы орындап, өз міндетін адал атқарады. Әрбір көшенің реттелуі, әр бұрыштың тазалығы — артында қаншама маңдай тер тұрғанын көрсетеді. Ол ешқашан шағым айтып, қиындықтан қашпайды. «Еңбек – адамның болмысы» деген сөзге лайық жан.
Сәуле апай – алты баланың аяулы анасы, «Күміс алқа» иегері. Үй шаруасымен қатар, үлкен отбасының тәрбиесі мен тыныштығын қамтамасыз ету, бала-шағасының жолын түзеу — оның үлкен өмірлік міндеті. Екі жақта қатар үлгеріп, жұмысын да, үйін де бірдей алып жүруі – нағыз қажыр-қайраттың дәлелі. Аналық мейірім мен еңбекқорлық Сәуле апайдың болмысын айшықтап тұр.
Оның еңбегінің бір қыры – туған жерге жанашырлықпен қарауы. Гүл егіп, тал отырғызып, бар жасыл желекті күтіп-баптап жүруді өз борышы санайды. Әр егілген дақылға, әр тазартылған жерге деген ұқыптылығы – оның кәсібіне деген құрметін білдіреді. Ауыл тұрғындары да Сәуленің еңбегін бағалап, ризашылығын білдіріп жатады. Бұл оның қоғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі арттырады.
Қарапайым жандардың еңбегі кейде еленбей қалады, бірақ дәл осындай азаматтардың жұмысының арқасында ауылымыз ажарланып, күн сайын жаңарып келеді. Таза аула, реттелген көше — жайлылық пен мәдениеттің көрсеткіші. Оған Сәуле секілді жандардың қосқан үлесі орасан.
Еңбек – елдің мерейі. Сәуле Алдабергенова сияқты өзінің адал еңбегімен аудан көркін келтіріп жүрген жандар барда, ауылымыз көркейіп, гүлдене бермек.
Jsk ақпараттық агенттігі.
