• 25 февраля, 2026 8:05 пп

ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Автор:admin

Фев 25, 2026

 

Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов базар кәсіпкерлерімен және саудагерлермен кездесу өткізіп, жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын жан-жақты түсіндірді. Еркін форматта ұйымдастырылған жиында ел дамуының басты құқықтық құжатының қоғам өміріндегі рөлі кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Конституцияның кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы екені, оның даму бағыты мен стратегиялық бағдарын айқындайтыны атап өтілді. Спикердің айтуынша, жүргізіліп жатқан конституциялық реформа саяси жүйені заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар қолданыстағы Конституцияның Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде тарихи миссиясын абыроймен атқарғаны айтылды. Дегенмен қазіргі геосаяси ахуалдың күрделенуі, халықаралық қатынастардағы өзгерістер, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, сондай-ақ қоғам сұранысының артуы құқықтық жүйені жетілдіруді талап ететініне назар аударылды. Бұл – елдің ішкі әлеуетін күшейтіп, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті даму жолына түсуге бағытталған қадам.
– Бүгінгі таңда халықты толғандыратын басты мәселе – заңның үстемдігі мен әділ шешімдердің нақты жүзеге асуы. Жаңа Конституция жобасы осы қажеттіліктерге жауап беруге бағытталған. Бұл – тек құқықтық құжат емес, мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтатын берік негіз. Негізгі мақсат – әр азамат өзін қорғалған, үні естілген және құрметтелгенін сезінетін жүйе қалыптастыру, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Кездесуде білім беру саласына қатысты нормалар да қозғалды. Сапалы білім – ел болашағының басты кепілі екені атап өтіліп, жаңа өзгерістер азаматтардың білім алуға тең құқығын қамтамасыз етуге, педагогтердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны айтылды. Білім саласындағы реформалар – келешек ұрпақтың мүмкіндігін кеңейтуге арналған маңызды бастама.
Жиын қорытындысында базар кәсіпкерлері мен саудагерлер елде жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, конституциялық өзгерістерге бейжай қарамайтындарын жеткізді. Олар тұрақты даму мен әділетті қоғам құруға бағытталған бастамаларға әрдайым атсалысуға дайын екендерін атап өтті.

Автор: admin