• 29.08.2026 18:21

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ «CREATIVE AIMAQ» ІС-ШАРАСЫ ӨТЕДІ

Автор:jsk.kz

Авг 29, 2026

29–30 тамыз күндері Астана қаласында Түркістан облысының «Creative aimaq» іс-шарасы өтеді. Ауқымды іс-шара Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық қолөнерін және креативті индустрия саласындағы әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.
Еліміздің астанасында ұйымдастырылатын жәрмеңке ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, креативті кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнімдерді насихаттау және Түркістан өңірінің шығармашылық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында өткізіледі.
Іс-шара барысында Түркістан облысының қолөнершілері, дизайнерлері, суретшілері, зергерлері, керамика шеберлері, этноөнім өндірушілері, сән индустриясының өкілдері және креативті кәсіпкерлері өз өнімдері мен авторлық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынады. Келушілер ұлттық нақыштағы заманауи бұйымдармен танысып, олардың жасалу үдерісін тамашалауға, сондай-ақ шеберлердің тәжірибесімен бөлісу алаңдарына қатысуға мүмкіндік алады.
Түркістан өңірінен 30-ға жуық қолөнер шебері қатысып, ұлттық қолөнер бұйымдарын таныстырады. 12 суретшінің 100-ден астам туындысы көрермен назарына ұсынылады.Шара аясында дизайнер Айжан Абдубаитованың ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген сән топтамасы да көпшілікке таныстырылады.

Жәрмеңке бағдарламасы аясында ұлттық және заманауи қолөнер бұйымдарының көрмесі, креативті индустрия өкілдерінің өнімдер жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар тақырыбындағы таныстырылымдар, стартаптар мен инновациялық жобалардың көрмесі, сән көрсетілімі және шығармашылық кездесулер өткізіледі.
Екі күндік іс-шара өңір өнерпаздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен толықтырылады.
Өңірлік креатив жәрмеңкесі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, шығармашылық пен кәсіпкерліктің өзара ықпалдастығын арттыруға, жергілікті брендтердің танымалдылығын көтеруге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ. Сондай-ақ, шара Түркістан облысының туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өңірде өндірілетін бірегей өнімдерді елорда тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таныстыруға ықпал етеді.
Түркістан – тарихы мен дәстүрі терең, сонымен қатар креатив пен жаңашылдықты үйлестіре білген ерекше өңір. Елорда төрінде өтетін Өңірлік креатив жәрмеңкесі көпшілікке Түркістанның заманауи шығармашылық келбетін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Автор: jsk.kz