Спорт жасына немесе жынысына қарамастан әрбір адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Кәсіби спортпен шұғылдану міндетті емес, күн сайынғы таңертеңгілік жаттығу немесе кешкі серуеннің өзі адам денсаулығына өлшеусіз үлес қосады. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуі, оның ішінде спортқа бет бұруы – ең өзекті мәселелердің бірі. Заманауи технологиялар мен гаджеттердің дамыған дәуірінде балалардың компьютер немесе смартфон алдында ұзақ отыруы олардың денсаулығына зиян тигізіп қана қоймай, қозғалыс белсенділігін төмендетеді. Ал спорт – бұл тек қана физикалық сауығу емес, сонымен қатар тұлғаны қалыптастыратын қуатты құрал. жасөспірімді спортқа баулу – бір күннің немесе бір айдың жұмысы емес, бұл жүйелі түрде жүргізілетін тәрбиелік үдеріс. Баланың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін жасалған бұл қадам ертеңгі күні міндетті түрде өз жемісін береді. Қазақстанда дзюдо қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің қатарына кіреді. Еліміздің спортшылары әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында топ жарып, көк байрағымызды биікке көтеріп жүр. Бұл жас ұрпақ үшін үлкен үлгі болып, спорт залдарына келушілердің қатарын жыл сайын арттыруда. Шымкенттегі жеңілатлетикалық манеж спорт кешенінде дзюдодан дәстүрлі республикалық турнир басталды. 2010-2011 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтетін Д.Қонаев атындағы республикалық ашық турнирге еліміздің барлық өңірлері мен Қырғызстаннан, жалпы 700-ден астам спортшы жиналды. Сайыс 15 жасқа дейінгі жас дзюдошылардың спорттық шеберлігін саралайтын маңызды бәсекеге айналмақ. Жүлделі орындарға ие болған спортшылар спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің фавориттерін алдын ала анықтау өте қиын. Себебі айқын көшбасшылар жоқ, әр спортшы өз мүмкіндігін барынша жоғары деңгейде көрсетуге ұмтылуда.
– Шымкенттік дзюдошылар бұл турнирге жақсы дайындықпен келді. Олар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, елдегі ең мықты командаларға лайықты бәсекелестік бола алады. Бізде дзюдодан жеңісті дәстүр қалыптасқан, – деді Шымкент қаласының дзюдо федерациясының вице-президенті Алтынбек Абаев. Айта кетейік, Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында отандастарымыз өздерінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аралас командалар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама өкілдері жеңімпаз атанып, финалда Бразилия құрамасын ұтты. Сонымен қатар, жеке жарыстарда отандастарымыз жалпы 10 медаль иеленді.
Jsk.kz ақпараттық агенттігі
