Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасымен жол қауіпсіздігін арттыру шаралары күшейтілуде.Бүгінгі күнде жол-көлік оқиғалары тек статистикалық көрсеткіш емес, қоғамның қауіпсіздік деңгейін айқындайтын ең маңызды факторлардың бірі. Әсіресе көлік саны жыл сайын артып, ауылдық елді мекендер мен ауданаралық бағыттарда да қозғалыс қарқыны жоғарылған тұста жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез келген өңір үшін стратегиялық міндет. Түркістан облысында бұл мәселе ерекше назарда тұр. Соның бір дәлелі Бәйдібек ауданында өткен арнайы жұмысшы топтың кеңейтілген жиыны. Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған кездесуде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, себептерін талдау және олардың санын азайту жолдары жан-жақты қаралды.
Жиынға өңірдің құқық қорғау саласындағы жетекші тұлғалары, аудан басшылығы, салалық мекемелердің өкілдері мен ауыл округтері әкімдіктерінің мамандары қатысты. Бұл жол қауіпсіздігі мәселесіне тек бір органның емес, барлық мемлекеттік құрылымдардың қатысуы қажет екенін көрсететін маңызды қадам. Өйткені жол-көлік оқиғасы бір ғана полицияның немесе әкімдіктің емес, әрбір саланың ортақ жауапкершілігі.
Кездесуді Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Ербол Тұрсынбаев ашып, өңірдегі жол қауіпсіздігі бойынша прокуратура тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол соңғы айлардағы көрсеткіштерге талдау жасап, жол-көлік оқиғаларының динамикасына, олардың негізгі факторларына назар аудартты. Оның айтуынша, көптеген оқиғалар адам факторы, жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, белгіленбеген немесе тозған жол белгілері, жылдамдықты бақылаудың әлсіздігі секілді бірқатар кешенді себептерден туындайды. Сондықтан мәселені шешу де кешенді түрде жүруі қажет.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Марат Жұмабеков жиын барысында аудан көлеміндегі жол-құқықтық жағдайға қатысты нақты статистиканы ұсынды. Ол соңғы жылдардағы жол-көлік оқиғаларының сипаты, қай учаскелерде жиі орындалатыны, олардың негізгі себептері туралы кеңінен баяндады. Көбіне жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, рөлге мас күйінде отыруы, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты құқық бұзушылықтар қайталанып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, малдың жолға шығып кетуі салдарынан орын алатын апаттар да аудан үшін өзекті мәселе екені айтылды. Бұл мәселені шешу үшін ауылдық округ әкімдіктері, полиция және жергілікті тұрғындардың бірлескен әрекеті қажет.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан жол инфрақұрылымын жақсарту, қауіпті учаскелерге қосымша белгілер орнату, бейнебақылау жүйелерін орнату, түнгі көріністі жақсартатын жарықтандыру жұмыстарын күшейту секілді бірнеше ұсыныстар көтерілді. Әсіресе «ҚазАвтоЖол» өкілдері жиі апат болатын учаскелерде жол жабындысынын сапасын арттыру, жол сызықтарын жаңарту, бұрылыстар мен өткелдердің көріну мүмкіндігін жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Бәйдібек ауданы әкімдігі тарапынан да жол қауіпсіздігін арттыруға байланысты ортақ жауапкершілік пен бірлескен жұмыс қажеттігі атап өтілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев пен аппарат басшысы Фазылбек Әуен жол мәселесі тек орталық трассаларда ғана емес, ауылішілік көшелерде де өзекті екенін айтты. Тұрғындардың жол ережесін білу деңгейі, жасөспірімдердің қауіпсіздігі, мектеп жанында жылдамдықты шектеу, жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту секілді мәселелер де назардан тыс қалмады.
Жиында сөз алған Мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев жол мәдениетін қалыптастырудың маңызын ерекше атады. Оның пікірінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек техникамен немесе инфрақұрылыммен ғана шешілмейді. Бұл тұрғындардың сана-сезіміне, тәртібіне, жауапкершілігіне тікелей қатысты. «Егер әрбір жүргізуші қауіпсіздікті бірінші орынға қойса, егер әрбір ата-ана баласына жолда жүру ережесін үйретсе, егер әрбір жаяу жүргінші өзіне де, өзгеге де сақтық танытса апат санының жартысы болмас еді», — деді ол.
Жиынның ең маңызды тұсы осындай пікір алмасулардың нақты нәтижеге бағытталуы. Ербол Тұрсынбаев жиынды қорытындылай келе, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық мемлекеттік органдардың ортақ миссиясы екенін, прокуратураның бұл бағыттағы үйлестіруші рөлі одан әрі күшейетінін айтты. Әрбір ұсыныс назарға алынып, әрбір көтерілген мәселе бойынша жауапты органдарға тапсырмалар жүктелді. Енді алдағы уақытта бұл тапсырмалардың орындалуы, нақты нәтижелер, жол-көлік оқиғаларының азаюы бақылауда болады.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алуда халықпен диалог жүргізудің, ауылдық округтерде кездесулер өткізудің, мектептерде жол қауіпсіздігі сабақтарын көбейтудің маңызы зор. Әсіресе жас жүргізушілерге арналған профилактикалық жұмыстар, қауіпсіздік белдігін тағудың, телефонын пайдаланбаудың маңызын түсіндіру апатты азайтудың тиімді тәсілі. Апаттың 30-40 пайызы дәл осы қарапайым талаптардың орындалмауынан туындайтыны жасырын емес.
Жиын барысында көтерілген тағы бір маңызды жол бойындағы мал иелерінің жауапкершілігі. Аудан аумағында малдың бақылаусыз жолға шығып кетуі салдарынан болатын апаттар аз емес. Бұл тек жол қауіпсіздігіне емес, ауыл шаруашылығына да зиян келтіретін үлкен проблема. Осы бағытта ауыл әкімдіктері мен полиция бірлесіп, мал иелерін анықтау, жауапқа тарту, мал қораларын қоршау, арнайы мал айдау жолдарын белгілеу секілді жұмыстарды күшейтуге уағдаласты.
Ең бастысы, жолдағы қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір адамның жауапкершілігі. Прокуратура, әкімдік, полиция өз жұмысын күшейте береді, бірақ рөлге отырған әрбір адам өз қауіпсіздігіне, өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаса апат та азаяды. Бәйдібек ауданында өткен жиын осы ортақ түсінікті қалыптастыруға бағытталған маңызды басқосу болды.
Jsk ақпараттық агенттігі
