Қоғамдық тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал ететін тәртіп сақшыларының еңбегі қай кезде болмасын ерекше. Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Олардың күнделікті қызметі туралы біреу білсе, біреу білмес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын айтып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты негізінде полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы орайда Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін аруларымызда Шымкентте баршылық. Темірдей тәртіпті ту еткен құқық қорғау саласында бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Дегенмен, қоғам мен бесік тыныштығын қатар алып, қатаң тәртіп пен кәсібилікті үйлестіре білген сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандылар қатарына Айнұр Бағдатқызын ерекше атап өтуге болады.
Ішкі істер саласында 25 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан полиция подполковнигі өз ісінің маманы. Алғашқы еңбек жолын Әкімшілік полиция басқармасынан бастаған. Көп жылдар Шымкент қаласы Полиция департаменті Штаб басқармасында қызмет атқарған. Бүгінде полиция подполковнигі Айнұр Бағдатқызы Шымкент ҚПД Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы лауазымында басшылық қызметте.
Айнұр Бағдатқызы бала кезінен хирург болуды армандаған. Офицер болуды, құқық қорғау органдарында Отанының игілігі үшін қызмет ету анасының арманы болған екен.
«Менің погон кигенімді анам қалады. Анамның арманы мені полиция қызметкері ету. Темірдей тәртіпті талап ететін салада қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін. Менің жұмыс бабындағы абыройым отбасымның тілеуінде деп білемін. Бір ұл, бір қызым бар. Екеуі бір сыныпта оқиды. Күндіз-түні жұмыста жүргендіктен балаларымның тәрбиесімен анам айналысады».
Полиция подполковнигі Айнұр қызметке берілген жандардың бірі. Қауырт жұмысына қарамастан, әрқашан отбасына көңіл бөледі. Кітап оқығанды жаны сүйеді, сонымен қатар әдемі гүлдерді өсіргенді жақсы көреді.
Қызмет барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің өмір жолы кейінгі жастарға үлгі болары сөзсіз.
Jsk ақпараттық агенттігі
