Алғаш рет COVID-19 вакцинасы қазақстандық Data Matrix кодымен таңбаланды

Қоғам

 

COVID-19 қарсы Vero Cell Қытайда шығарылған вакцинасы Data Matrix кодымен таңбаланып, суық тізбек жүйесін тестілеу бойынша пилоттық жоба шеңберінде қазақстандық медициналық ұйымдарға жеткізілген. Пилоттық жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша СҚ-«Фармация», Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы және суық тізбекті ұсынған компаниямен іске асырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, 19 шілдеде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте елдегі егу пункттерінің 30%-ы вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзатынын атап өтті. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі пилоттық жобаны өткізу туралы шешім қабылдады.
СҚ-«Фармация» жоба шеңберінде таңбалау жүйесінде кодтарға тапсырыс беріп, вакциналардың қаптамаларына орнатылды. Таңбалау коды қолданылатын стикер материалын оңтайлы таңдау үшін таңбалаудың бірыңғай операторы қаптаманың сипаттамасы мен сақтаудың температуралық режимін ескерді. Тасымалдау кезінде температуралық режимді бақылау үшін кодтар суық тізбек жүйесіне берілді.
Одан кейін СҚ-Фармация вакциналарды айналымға енгізіп, оларды Ақмола облысы бойынша денсаулық сақтау басқармасының қоймасына жіберді. Вакциналар Бұланды және Сандықтау аудандық ауруханаларына, сондай-ақ «Авиценна-Бурабай» ЖШС-не таратылып, айналымнан шығарылды.
Айта кету керек, бұл процестердің барлығы соңғы тұтынушыға дейін тауарлардың қозғалысын бақылау үшін маңызды. Пилоттық жобаның тиімділігі таңбалау жүйесі мен суықтық тізбектің өзара ынтымақтастығы есебінен қамтамасыз етіледі, өйткені біріншісі әрбір қаптаманы, оның орналасқан жерін және ағымдағы меншік иесін қадағаласа, суықтық тізбек жүйесі таңбаланған тауарды сақтау температурасын көрсетеді.

Анықтама үшін:
Суық тізбек – бұл дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау кезінде температуралық режимді қатаң сақтау бойынша логистикалық шаралар кешені.