• 11 марта, 2026 8:51 пп

АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Автор:admin

Мар 11, 2026

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударады. Осы бағытта Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді жою және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту.

Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Департамент тарапынан жүйелі түрде бақылау және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен, кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар тарапынан азаматтарға қызмет көрсету барысында заң талаптарының бұзылуы кездеседі.

Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында Департаментке Аққұм ауылының тұрғынынан азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәліметтерді өзектендіруге қатысты өтініш келіп түсті.

Аталған мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №112 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі. Өтінішті қарау барысында 1978 жылғы 6 шілдеде тіркелген неке қию туралы акт жазбасының тіркеу журналына енгізілгені анықталды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, неке қию туралы акт жазбалары өзектендіріліп, тиісті ақпараттық жүйелерде тіркелуі тиіс.

Осылайша, неке қию жазбасы АЖ тіркемеу салдарынан, азамат басқа қызметтерді алу барысында (мүлікті тіркеу, өсиетке қалдыру, несие алу сияқты) бірқатар кедергілерге тап болған.

Өз кезегінде, Департаменттің Ережесіне сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мемлекеттік бақылау жүргізеді, талдау және мониторинг негізінде бұзушылықтардың алдын алуға және көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар әзірлейді.

Осыған байланысты, Департаменттің үйлестіруімен ақпараттық жүйеге жауапты мекемелермен бірлесіп, 2026 жылғы 19 ақпанда аталған азаматтың неке қию туралы мәліметтері «АХАЖ» ақпараттық жүйесінде өзектендіріліп, енгізілді.

Бұл өз кезегінде, азаматшаға алдағы уақытта өзінің қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында өзге де құқықтарды алуға мүмкіндік береді.

Аталған шаралар алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға, заң бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталып, тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЙ

Автор: admin