• 27 июля, 2024 5:17 дп

Ұлттық онамастика елдің дамуына жол ашады!

Автор:admin

Май 28, 2022

Туған өлкеміздегі жер-су, елді мекен атауларының отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде қандай өзгерістерге түскені бізге тарихтан белгілі. Біз, бүгін, осы жер-су (то­по­нимикалық) атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқа­нын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қал­пына келтіру тарихи әділеттілікті орнату де­ген сөз. Міне, сондықтан да, Оңтүстікте оно­мастика мәселесіне үлкен мән беріледі. Біздің облыста байырғы жер-су атауларын қайтару жұмысына аса маңызды әлеуметтік мәселе деп қарайды. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, облыс аумағындағы отаршыл­дық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Рес­публика бойынша бүгінгі таңда бір мыңнан астам елді мекеннің атауы өзгертілсе, соның 404-і біздің облысқа тиесілі. Бұндай көр­сеткішке зиялы қауым мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткіздік. Ономастика саласының барлық же­тіс­тік­­тері мен кемшіліктерін әйгілейтін құжат – ол Қазақстанның және облыстардың әкімшілік-аумақтық карталары. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның әкім­шілік-аумақтық картасы Ресейдің карта­сына ұқсайтын, себебі жер-су, елді мекен атау­ларының басым бөлігі өзге тілде бола­тын. Еліміздің картасы да өзге тілде жаса­латын. Енді Қазақстанның карта­сын қазақ тілінде жасайтын уақыт келді. Ол үшін, байырғы жер-су атауларымызды қай­та­ру бүгінгі күннің басты міндеті! Еліміз егемен­дік алғалы Қазақстанның картасы да едәуір өзгеріп, қазақшаланып келеді. Дегенмен, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық облыс­та­рында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрға­ны картадан байқалады. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағ­дайда шешім қабылдауға ешуақытта асық­пау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға са­лып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек деген екен.” Біз бәріміз осы сөз­ден міндетті түрде қорытынды шығаруымыз керек. Өйткені, бұл ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет дүние! Оңтүстік Қазақстан облысында 873 елді ме­кеннің 404-ін (7 аудан, 2 қала, 85 ауыл­дық және кенттік округ, 310 ауыл ) өзгер­т­­кеннің өзінде әлі 33 ауылдың атауы тәуелсіз заман та­ла­бына сай болмай отыр. Өзде­рі­ңізге бел­гілі, былтырғы жылы еліміздегі ха­лық сана­ғына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап елді мекен, көше атау­ларын қайта атау Үкіметтің қаулысымен уа­қытша тоқ­та­тылды. Халық санағынан кейін Мемле­кет­тік хатшының хатына сәйкес, объек­тілер атауын өзгертуге үстіміздегі жыл­дың 1 нау­ры­зы­на дейін мора­торий жа­рия­ланды. Сол се­беп­ті облыстағы 33 ауылдың атауы өзгертілмей қалды. Шындығын айтсақ, облыстық ономас­тика комиссиясына байырғы жер-су атау­ла­рын қайтару туралы ұсыныстар келсе қуа­на қол­дай­мыз. Сол арқылы еліміздің ұлттық кел­бетін қалыптастыруға үлес қосатыны­мыз­ды білеміз. Ұлттық атаулар тәуелсіз мем­­лекеті­міз­дің бет-бейнесі болса, ал ше­кара маңындағы елді мекен атаулары Қа­зақ­станның бет-пер­десі іспетті. Сондықтан да, өзіміз түгілі өзгеге де қазақтың жері мен суын, қаласы мен дала­сын, тілі мен тари­хын танытатын ұлттық атау­ларымызды қай­тарып, тарихи-географиялық атаула­ры­мыз­ды қалпына келтіруге білек сыбанып кірістік.

Jsk ақпарат

Автор: admin