• Сб. Окт 1st, 2022

ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН

Автор:admin

Авг 7, 2022

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін, сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты. Осы орайда елімізде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін екінші бағыты шеңберінде жұмыссыздардың кәсіпкерлік бастамашылығын қолдау мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылып жатыр.

«Бастау Бизнес» жобасы Бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.

2017-2018 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 43,3 мың адам қамтылды. Оқуды аяқтағандардың ішінен 27,7 мың адам өз бизнес-жобаларын қорғап, оның 11 мыңы шағын несие алған.

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы  қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.

Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық шығарып жатыр. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан.

– «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, — дейді С. Құдайбергенова.

Тігіншіліктің бұл түріне ептілік, икемділік, ыждаһаттылық пен сабырлық керек-ақ. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші мүмкіншілігі шектеулі болғанына қарамастан, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген шебер Сәуленің еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.

Jsk ақпарат