• Пн. Окт 3rd, 2022

Шымкентте «Азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту» атты семинар өтті

Автор:admin

Май 24, 2022

Біздің елімізде тәуелсіздіктің алғаш­қы күндерінен бастап-ақ азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарының сақ­талуына жете маңыз беріліп келеді. Со­ның айқын бір көрінісі Конститу­ция­мыз­дың 1-бабында адам құқықтарын сақ­тау нормасы бекітіліп, 30-бап түгел­дей аза­мат­тардың құқықтарына, бостан­дық­тары­на, мүдделеріне арналды.

Бұл демо­кра­тиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары ғана ең маңызды болып саналатындығын білдіреді. Демек, адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын сақтау тетіктерін іске асы­руға, олардың орындалуына кепілдік беруді күшейтуге ерекше назар ау­да­рылды. ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараттық-насихаттық мақсатта ОҚМПУ-де «Азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту» атты семинар өтті. Семинарға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Бекназаров, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Н.Бұхарбаев, сот саласының ардагерлері А.Елшібаев пен Ө.Темір қатысты. Жиынды ОҚМПУ басқарма төрағасы-ректор Г.Сүгірбаева жүргізді.

— Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жалпыхалықтық референдумға қатысып, өзінің азаматтық құқығын пайдалануы, елінің келешегі үшін өзіндік үлесін қосуы тиіс. Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылдан бері саяси жүйеге, оның ішінде заңнамалық негіздегі құжаттарға ауқымды өзгерістер енгізіле бастаған болатын. Елдегі, әлемдегі орын алып жатқан оқиғаларға қатысты біршама істі жеделдетуге тура келді. Қ.Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауына сәйкес, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға қатысты бастамасы негізінде үлкен жұмыс тобы құрылып, оған білікті заңгерлер қосылды. Алғашқыда Конституцияның 20 бабына өзгерістер енгізу туралы айтылған еді. Алайда, жұмыс тобы жан-жақты саралай келе, 33 бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс берді. Яғни, референдум барысында Ата заңымыздың үштен біріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Бұл халықтың құқығын, мүддесін қорғайтын маңызды құжат болмақ, — деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Бекназаров. Семинар барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайы баяндалды. Мәселен, қолданыстағы модельді жүйелі түрде трансформациялау, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог құру, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы бағытын қалыптастыру мәселелері қозғалды. Студенттер заң өкілдеріне сауалдарын қойып, пікір алмасты.  Айта кетейік, ҚР Конституциясына 1995 жылы референдум арқылы, ал 2007, 2011, 2017 жылдары Парламент арқылы өзгерістер енгізілген болатын.

Jsk ақпарат