• 2 ноября, 2024 2:44 пп

Онамастика: мемлекеттік мекемелерге кісі атын беру дегенге өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек

Автор:admin

Май 28, 2022

Мәселен, әр қалада емханалар бар. Онда ұзақ жыл қызмет істеген абыройлы адамдар болуы мүмкін. Солардың құрметіне атау беру жарысы басталып кетсе, тоқтата алмай қаламыз. Қызды-қыздымен қарқын алатын болса, бұл төңіректе талай сорақылықтарға жол беріп алуымыз ғажап емес. Ең дұрысы, емханалардың осы нөмірленген қалпын сақтау деп білемін. Үшіншіден, абай болатын бір нәрсе: — елді мекендердің тарихи атауларының сақталуы, оларды оңды-солды өзгерте бермеу. Тек кірме атауларды ғана өзгерту керек. Қалғандары әр жер, әр өңірдің тарихи атауларымен аталса, әділеттілік болады. Тағы бір мәселе бар. Ол – біздің рулық, тайпалық қатынастарымыз. Мәселен, бір ауылда бірнеше рудан құралған ел тұрады. Мектеп біреу-ақ. Пәлен деген рудың мықтысына мектеп атын беру туралы ұсыныс жасалатын болса, қалған ағайындар «біздің де мықтымыз бар еді, ол неге еленбейді» деп қиғылық салады. Соның салдарынан алақандай ауылда үлкен дау туады. Мұндай жағдайды күнде көріп те жүрміз. Республикалық БАҚ редакцияларына келіп түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі осы мәселе төңірегінде туындайды. Сондықтан, жергілікті ономастикалық комиссия мүшелері ел ішінде орынсыз дау-дамайдың туындап кетуінен сақ болғаны абзал. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Біздің жеріміз – тұтас. Біздің еліміз – тұтас. Жер-су атауларын, елді мекендер мен мектептерге атау беру мәселесінде осы тұтастық табиғаты сақталса деймін. Кейде қазақтың тарихи тұлғаларының, Алаш арыстарының, тағы басқа жақсы мен жайсаңдар есімін мәңгілік ету мақсатында көптеген шешімдер қабылданып жатады. Сол кезде еліміздің тұтастығы ескеріле бермейді. Айталық, Махамбет тек Атырауға ғана тән сияқты, көзі тірі майдангер, Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов тек Ақмола облысына тән сияқты. Неге мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы музыка колледжіне Дина Нұрпейісова есімі берілмеске? Болмаса, қазақ хандары – Тәуке хан, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Кенесары хандардың есімдері бір ғана өңір, бір ғана аймақтың еншісіне беріле сала ма? Кенесары қазақтың тәуелсіздігін сақтаймын деп Арқадан Балқашқа, одан осы Қапалға келді. Ұлы жүздің сұлтаны Рүстеммен келіссөз жүргізіп, қалың елдің қолдауына ие бола бергенде орыс отаршылдары араға от жағып, жергілікті игі-жақсының бәрін Кенесарыға қарсы қойды. Генерал-губернатор жергілікті болыстар мен билердің антын алып, Кенесарыға «қарақшы» деген айдар тақты. Соның салдарынан хан Кене қырғыз асты. Оның өмірі қандай трагедиялық жағдаймен аяқталғанын бәріңіз білесіздер. Қапалда, Талдықорғанда Кенесары хан атына көше берілсе, тарихи әділеттілік салтанат құрған болар еді. Жас ұрпақ сол арқылы қазақ тарихына қанығып, еліміздің біртұтас екендігін сезініп өсер еді.

Jsk ақпарат

2399 символ

Автор: admin