• Чт. Дек 1st, 2022

Латын әліпбиіне көшу – қазақ жазуын реформалауға жол ашады!

Автор:admin

Окт 11, 2022

Қазір ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісін қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру жұмыстарының ғылыми негіздемесін дайындап отыр. Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді. Төте жазуда болмасақ та, әліпби түзу және жазу заңдылығы Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларға негізделген. Ал қазіргі қиындықтарымыз да осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен кейбір ұстанымдардан ауытқып, кірме дыбыстарды әліппеге талғаусыз қабылдап, содан соң кірме сөздерді де өзгеріссіз жазып, өзіміздің төл сөздеріміз бен терминдерімізді де ғалым көрсеткен жолмен қарыштата алмауымыздан туындады. Сондықтан Байтұрсынов ұсынған қағидаларға қайта келу керектігін еріксіз мойындағандықтан да әліпби өзгертіп отырмыз. Ертең латыншаға өткен кезде Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларды басшылыққа аламыз. Ал неге төте жазу емес, латын әліпбиі дегенге келсек, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілгін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс болар еді. Егер біз қазір араб әліпбиімен жүрген болсақ, онда латынға көшу туралы әңгіме болмауы мүмкін. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Сондай-ақ графизация заңдылықтары әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптарына сай келуін қажет етеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Дегенмен кейбір елдің латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте,сызықша, айшық, дәйекші) көп алынуы да белгілі дәрежеде қиындық келтіреді. Осындай қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.

Jsk ақпарат