• Пт. Дек 2nd, 2022

Латын әліпбиіне көшудің жазу сауаттылығын арттыруға ықпалы!

Автор:admin

Июн 13, 2022

Ұлттық білім беру парадигмасы, оның басты ұстанымдары жоғары білімді маманға ерекше міндет артып отырғаны белгілі. Өйткені, елімізде бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жеткізетін, соған мүмкіндік жасайтын, ең алдымен, білімді де білікті маман екені даусыз. Демек, еліміздің экономикасын дамытатын, мәдениетін көтеретін ХХІ ғасырдың маманы қандай болу керек дегенде, ең алдымен, өз халқының баға жетпес байлығы, төлқұжаты ана тілін жетік білетін, оның сан алуан қырларына бойлай алатын тілдік тұлға болуы міндетті. Өйткені, тілін сүйген, оны қадірлей білген адам өзін де, өзгені де, мәдени құндылықтарын да бағалай алады. Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қана қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта бейнелейді. Сондықтан тілдік тұлға – өз санасында ақиқатты бейнелеуші ғана емес, оны санада қайтара жаңғыртушы қасиетке ие белсенді әрекет иесі. Адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайды. Сондай-ақ, тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайды. Адам – өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да – халық. Дәлірек айтсақ, тілдің субъектісі, біріншіден – тілдік тұлға (жеке адам, тілді тұтынушы), екіншіден – халық, ұлт (тілдік ұжым). Тіл – ұлттық мәдениеттің коды. Тіл – халықтың мәдениеті мен қуатының көрінісі. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұраны да тілдің осындай құдіреттілігінен туындап отыр. Қазақ тілінің руханиятымыздың өзегі болуы да, мемлекеттік тіл мәртебесін, әлеуметтік жауапкершілігін сақтай алуы да оны өз деңгейінде бар болмысымен қиюын тауып, қисынын келтіре қолданумен байланысты. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауында «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» екенін басты назарға ала отырып, «алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беретінімізді» жеткізген. Сондай-ақ, бұл жолдауда «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деп, ұлттық өрлеу мен әлемдік өркениетті тұтастандыратын өзекті мәселені де атап көрсетті . Әсіресе,  «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын ғарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» деген пікірі халық тарапынан кең қолдау тауып, ерекше ықыласын оятқаны анық. Бұл мәселені қоғам және ғылым қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері тұрақты түрде көтеріп келеді. Алайда бұл бастамалардың барлығы да аяқсыз қалып келген еді.  «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің жаңа міндеттерін белгіледі: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта¬ның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр¬дағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел¬гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол-даныла тұрады». Латын әліпбиіне көшудің мақсаты – «балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу екенін» естен шығармауымыз керек. Дегенмен, «әліпби ауыстыру ана тілімізге не береді, неден ұтып, неден ұтыламыз?» деген сұрақ та көпшілік көңілінде жүргені белгілі.

Jsk ақпарат